Ауған соғысының ақиқаты

2202
«№11 санаторий типтес арнаулы мектеп-интернатында» Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай, «Ауған соғысынын ақиқаты» атты тәрбиелік іс-шара өтті. Тәрбие кешінің мақсаты жастарды патриоттыққа, рухани адамгершілікке, Отанын сүюге, тәуелсіз еліміздің білікті де, білімді азаматтары болуға, аға буын өкілдерін құрметтеуге тәрбиелеу. Кешімізге Ауған соғысының ардагерлері, интернационалист жауынгерлер, Шымкент қаласы ауған соғысы ардагерлері және мүгедектер қорының төрағасы Рысбеков Серғали, төраға орынбасарлары Оспанов Қуанышбек, Алиев Есебалы, аудандық «Қазығұрт тынысы» газетінің бас редакторы Шәріп Дәрменбай қатысты. Кешті Перизат Баубекова мен Ақерке Балғынбаева жүргізді.
Біздің республикамызда 22000 адам соғысқа қатысып, 720 өмір қыршынынан қиылды, хабар-шарсыз кеткен 20 тағдыр және бар, өз ауданымыздан 4 азамат ауған жерінен табытпен оралды. Азалы Ауған тақырыбын еш уақытта ұмытпаймыз. Сұм соғыстың зұлмат өртінде от болып жанып, шоқ болып жарқыраған, қараңғы қапас түнектен жұлдызды сәуле, арнайы күн болып болашаққа қимастықпен сағына қол бұлғап қалған қайран тағдыр. Іс-шарамыз Ауған жерінде қаза болған жауынгерлер Абдысамат Баратов, Абдирахим Алпысбаев, Абдихасим Муратов, Серик Базаров ағаларымызды және Ауған соғысынан аман келіп, елге қызмет етіп, өмірден өткен «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Құралбек Жетібаев ағамызды бір минуттық үнсіздік пен еске алды.

Отан – оттан да ыстық! Азаматтық парыздың ішіндегі ең үлкені – Отан қорғау! Жауынгер жүгі қашан да салмақты. Ел басына күн туған кезде ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, толарсақтан саз кешіп бабаларымыз қазақ елін сыртқы жаудан қорғаған. Ағаларымыздың антқа адал болған ұлы сезімдері біздің жас ұрпақты отан сүйгіштікке жетелері анық.

Кешіміз еркін форматта өтті. Кеш қонақтары өздерінің жауынгерлік естеліктерімен бөлісті. Мұнан өзге имандылық, адамгершілік, отан сүйгіштік жайлы сөз болды. Серғали Ешімханұлы Ардагерлер кеңесі атынан мектеп директоры А.Юсупова, кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.Оразова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі П.Баубекова, тәрбиеші А.Балғынбаеваны «Алғыс хатпен», директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары О.Салибековты Б.Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен, математика пәнінің мұғалімі О.Өрісбаев, технология пәнінің мұғалімі Б.Ахметов «Генерал С.Рахимов» атындағы медалмен, «Қазығұрт тынысы» газетінің бас редакторы Д.Шәріп «Қолдаушы» медалімен марапатталды.
Ал, мектеп директоры А.Юсупова Ауған ардагерлеріне құрмет көрсетіп, «Алғыс хаттар» табыс етті. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Омар САЛЫБЕКОВ,
«№11 Санаторий типтес арнаулы мектеп-интернаты» директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.