Шымкентте 400 миллион теңгеге мемлекеттік субсидияны жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мал шаруашылығы саласындағы қожалық иелеріне берілетін мемлекеттік көмек түрлерінің бірі — субсидия.
Субсидия мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға төленеді, мұндағы басты мақсат — елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Алайда, бұл қаражатты мақсатсыз пайдалану деректері де бар.
Мәселен, Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті бюджет қаражатын жымқырған қала тұрғынын әшкереледі.
Тергеу көрсеткендей, заң бұзушы 2020-2021 жылдар аралығында асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен жалған мәміле жасаған.
Осыдан кейін субсидия алу үшін Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына шарттар ұсынған.
Заңсыз әрекеттің нәтижесінде 400 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.