МАЙРА МҰХАМЕДҚЫЗЫ САЙЛАУШЫЛАРДЫ ӘСЕМ ӘНМЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

766

Әлемге танымал опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы Шымкенттің Опера және балет театрында орналасқан сайлау учаскесіне отбасымен бірге келіп, дауыс берді.

– Мен тағдырыма ризамын. Тәуелсіздіктің арқасында өз Отаныма оралдым. Мен Қазақстанды өнер елшісіндей әлем сахналарында танытып келемін. Мен ешбір сайлаудан қалыс қалмағанмын. Себебі, сайлау – елдіктің нышаны. Өз еліміз бар, өз жеріміз бар, бақытты халықпыз, — деді опера әншісі.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Тарлан», ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы сайлау учаскесіне отбасымен келіп, өз ұжымымен сайлаушылардың көңілін аулап, ән шырқады.

– Әрбір адам халыққа өзінің қолынан келетін іспен қызмет етуі тиіс. Мен де бүгін құр дауыс беріп қана қоймай, учаске Опера және балет театрында орналасқан соң, сайлаушылар театрдан ән тыңдамай шықпасын деген ниетпен ұжым болып ән шырқадық. Сайлау – үлкен саяси мереке. Қазақтың қай мерекесі әнсіз өткен?! – деді Майра Мұхамедқызы.

«Шымкент келбеті».
Суреттерді түсірген Серік ҚОСАЕВ.