Түркістан облысының өнерпаздары мен спортшылары «Жеті қазына» республикалық телевизиялық шоу бағдарламасында жүлделі ІІ орынды алды. Аталмыш сайыс ҚР Үкіметінің қолдауымен, «Хабар» Агенттігі» АҚ ұйымдастыруымен тамыз айынан бастау алып, арнаның жаңа маусымында көрерменге жол тартқан болатын. «Жеті қазына» мега-жобасында әр өңірден келген өнерпаздар мен спортшылар атадан балаға мұра болып келе жатқан ән, жыр-терме, күй, айтыс, күрес, қол күресі, арқан тартыс секілді жалпы сайыстың 10 түрінен бақ сынады. Бағдарлама мақсаты ұлттық өнерімізді, ойындарымызды, құндылықтарымызды дамытып, қазіргі заман талабына сай жаңашаландырып, әр өңірдің өзіне тән дәстүрін өскелең ұрпаққа насихаттау болып табылады.
Түркістан облысынан барған құрама алғашқы сәттен бастап, жүйріктер қатарынан табылды. Соның нәтижесінде ақтық мәреге дейін жетіп, ІІ орынды иемденді. Өнер додасына Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясынан Оразәлі Жаңабай (дәстүрлі ән), Жандос Құлымбетов (күй), «Яссы» би ансамблі, Руслан Ақынбеков (терме), Келес аудандық мәдениет үйінен Абылай Бөріханов (жыр), сонымен қатар Отырар ауданынан Ахметрасул Баянбай (ақын), Қазығұрт ауданынан Ерасыл Жақсыбек (ақын), Бәйдібек ауданынан «Гүлдәурен» әжелер ансамблі, Түлкібас ауданынан «Арша» тобы, тағы басқа өнерпаздар қатысты. Сондай-ақ бұл мега-жобада қазақ күресінен Бөлен Еркінбек бақ сынаса, арқан тартыс бәсекесінде Нышанбай Құдайбергенов, Дінмұхамед Шері, Қазыбек Оразымбетов, Елнұр Файзиев, Медет Құттымұратов, Ерназар Сіргебай сынды саңлақтар өнер көрсетті. Ал, қол күресінде Асылжан Сәрсенбай өңір намысын қорғады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі