Алматыда қажылыққа апаратын компанияның басшысы ұсталды

598
Алматыда 100-ден астам адамды алдаған «Кәусар тревел» компаниясының басшысы ұсталды. Ол әрбір адамнан кем дегенде мың доллардан алған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК-ға сілтеме жасап.
Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмырзаевқа умраның сертификатын келіншегі тосынсый ретінде туған күніне сыйлаған. Талай жылғы арманы болған киелі сапарға ерлі-зайырты қаңтарда ұшуы керек еді. Алайда түрлі сылтау айтқан «Кәусар тревел» турфирмасы бас-аяғы 57 адамды үш күн кешіктіріп, Медина қаласына жеткізіпті. Бірақ қонаүйге бара сала, турфирма өкілдері орын дайындаймыз деп, сол күйі ізім-ғайым жоғалған.
«Таңертең жетіде экскурсия болады, дайындалыңыздар деді де, «Кәусар тревел» өкілі кетіп қалды. Содан біз таңертең тұрсақ, «Кәусар тревел» өкілдері де жоқ, автобус та жоқ, тамағы да дайын емес, ақшасы да төленбеген», — дейді Бекмырзаев.
Бейтаныс қалада тіл білмейтін 57 адамның жағдайын сол жақта жүрген қазақтар естіген. Содан басқа турфирма өкілдері көмекке келген. Олар Мединадан екі-үш күнге қонақүй жалдап, ары қарай Меккеге сапарын ұйымдастырып берген. Тіпті, қасиетті Қағба маңынан бес күнге жатын орын жалдап беріпті. Ал елге оралатын уақыт таяғанда турфирма басшысы Медет Мұратбайұлы қайтар билет дайындап жатырмын деп, тағы да хабар-ошарсыз кеткен.
«Демеушілердің ақшасын есептемегеннің өзінде миллионнан аса шығынға баттық. Демеушілердің көп көмегі болды. Қонақ үй жалдап, тамақ алып берді. Қонақ үйдің бір күні 180 доллар екен», — деп атап өтті Жарқын Бекмырзаев.
Оның айтуынша, Меккеде «Кәусар тревел» алдап кетті деген 70 шақты адам жүрген. Қазір Алматы мен Шымкенттен қасиетті сапарға шыға алмай отырғандар көп екен. Олар да полицияға да арыз жазған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары «Кәусар тревелдың» басшысына іздеу салып, Медет Мұратбайұлы Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды.
«Мекке мен Медина қалаларына жолдама алып, 50-ге жуық адамды алдаған туристік агенттіктің басшысы ұсталды. Аталған жәйт бойынша ҚР ҚК 190-бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды», — дейді полицейлер.
Турфирмаға алданғандардың нақты санын полицейлердің өзі айта алмай отыр. Себебі бұған дейін ұша алмағандардан бөлек, алдағы ақпан айына ақша беріп қойған азаматтар да бар.