Санкт-Петербургте шахматтан өтіп жатқан Әлем чемпионатының алғашқы үш турында Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік Ресей, Моңғолия, Грекия және Германиядан келген қарсыластарын оңай жеңді, деп хабарлайды Қазақстан Шахмат федерациясы Фейсбуктегі парақшасында.
Төртінші турда қыздар бір-бірімен ойнап, 0,5:0,5 есебіндегі тең нәтижеге қол қойды.
Гүлісхан Нахбаева бірінші турда әлемнің үш дүркін чемпионы Анна Музычукпен кездесіп, жеңіліп қалды. Бірақ 2-4 турларда қатарынан үш рет жеңіске жетіп, есесін қайтарды.
Сонымен, қазақстандық спортшылар 4-турды тоғыз жеңіс, бір жеңіліспен аяқтады.
Ерлер де рапидтің алғашқы бес турында жақсы ойын көрсетті. Рүстем Хуснутдинов екінші раундта Беларусь спортшысы Сергей Жигалкодан басым түсті. Қалған партияларда тең нәтиже тіркелді. Ринат Жұмабаев ресейлік Кирил Шубин, Всеволод Овчинников және Дреев Алексейді жеңді. Халықаралық гроссмейстеріміз тек өз отандасы Даниил Дубовқа есе жіберді.