Желтоқсандағы зұлымдықты жасаған адамдар өмірден кетпейінше, нағыз шындық ашылмайды. Себебі КСРО кезінде архивті Қазақстаннан басқа елдің бәрі ашты. Бізде әлі жабулы қазан күйінде тұр. Сол кездегі адамдардың көбі билікте әлі отыр.
Тіпті сол кезде желтоқсаншыларды соттау үшін шақырылған тергеушілер де әлі бар. Олар жоғары шен алып, қызметі өсті. Сол үшін олар шындықты ашқысы келмейді. Мысалы, Алматыда бір кинолог старшина болған. Сол алаңға шыққан жастарды итке талатқаны үшін алған медалін 2000 жылдарға дейін тағып жүрді. Сол кезде 4 мыңнан аса адам жастарды жазалағаны үшін орден-медаль алыпты.
Билік пен әскерилерден бөлек сол кезде зиялы қауым өкілдерді де жастарды айыптады. Ермек Серкебаев, Асанәлі Әшімов сияқты 10 адам жастарды кінәлап хат жазды, сол кісілердің өзі әлі кешірім сұраған жоқ. Осындай танымал адамдарды алаңға шыққан жастарды айтыптауға пайдаланды.
Желтоқсан оқиғасы әлі аталып өтпейді. Бірақ көтеріліске халық өз бағасын берді, көп шындықты халық біліп отыр. Сондықтан оны ешкім тарихтан өшіре алмайды. Билік бермеген бағаны халық беретін оқиғалар болады. Кейбіреулер мойындамаса да, халық желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдарды батыр, қаһарман деп біледі. Бірақ билік еш уақытта ондай баға бермейді, өйткені сол кезде екінші тарапта болған адамдар қазір билікте отыр.
Тәуелсіздік алған соң бұрын Мәскеуге қызмет еткендер адамдар қайта билікке ие болды. Коммунистік партия жетекшісі президент болды. Бұрынғы облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары бір күнде есігіндегі жазуды өзгертіп, облыс әкімі болып шыға келді. Ештеңе өзгерген жоқ. Сол үшін желтоқсан оқиғасына 1986 жылы берілген баға сол күйі өзгеріссіз қалды.
Бұл – жастардың ұлт-азаттық көтерілісі. Соған дейін жиналған тіл мәселесі, қазақты кемсітіп, Алматыдан үй бермеу сияқты мәселелер жинала беріп, Колбин келгенде бұрқ етіп сыртқа шықты. Бұл тоталитарлық жүйеге жастардың үлкен қарсылығы болды. Оның үстіне ол ұлттық бағытта болды.
Егер желтоқсан шындығы ашылса, билікте отырған көп адамның былығы белгілі болады. Жоғарыда айтқанымыздай, билік маңында жүргендердің бәрі желтоқсаншыларды жазалауға қатысқан. Олар өз айыптарын өздері ашқысы келмейді. Бірақ оған көңіл аударудың қажеті жоқ, халық өзі баға берді. Бұл мәселеге қатысты халықтың көзқарасы дұрыс бағытта қалыптасты. Оны енді ешкім өзгерте алмайды.
Қазір әр өңірде желтоқсанға қатысқан жастарды ұлықтап жатыр. Ескерткіш тақталар ашылып, белгілер қойылып жатыр. Мұның бәрі жеке ұйымдар, желтоқсанға қатысқан адамдар өз қаржысына істеп жатыр. Билік бұған атсалыспай отыр. Демек, билік мойындамады деген сөз. Сол кезде билікте болғандар жасаған әрекетінің жауыздық екенін түсінген жоқ.
Дос Көшім, саясаттанушы