«Тауық қораны 8 млн теңгеге бағалаған». Павлодарлық шенділер ірі көлемде қаржы жымқырған

602

Павлодар облысындағы алты ауданның мансап орталықтары қоныс аударуға бөлінген бюджет қаржысын жымқырғаны анықталды. Мемлекетке келген шығын 600 миллион теңгеге бағаланып отыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аудандық мансап орталықтары (бұрынғы жұмыспен қамту орталықтары — еск.) оңтүстік өңірлерден көшіп келген отбасыларға ауылдағы иесіз қалған ескі үйлерді 500 мың теңгеге сатып алып берген.

Ал құжат жүзінде оны 8 миллион теңгеге дейін бағалаған. Тіпті кейбір жағдайда мүлде келмеген адамдардың атына баспана рәсімдеген.

«Жекелеген жағдайларда мансап орталықтарының қызметкерлері еліміздің оңтүстік өңірлеріне барып адамдарды тауып, олармен белгілі бір сомаға келісіп құжат рәсімдеген. Іс жүзінде ол адамдар бұл жаққа мүлдем келмеген. Ал ол отбасыларға Павлодар облысында баспана алып бердік деп құжат толтырған. Алған үйлері ескі қираған, тіпті тауық қора деп айтуға болады. 500 мың теңгеге сатып алып оны 8 миллион теңге деп көрсеткен. Ұлттық жоба формалды түрде іске асырылды», — дейді Павлодар облысы прокурорының көмекшісі Асхат Әтікеев.

Прокуратура қазір қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аудару үрдісі жүріп жатыр. Ереже бойынша көшіп келушілер сатып алатын баспана шығынының 50 пайызын мемлекет өтейді. Алайда үйдің құны 4,2 миллион теңгеден аспауға тиіс.

Е.Базарқұл