ОА-дағы КСРО-дан мұраға қалған жарылмаған бомба — «су дауы», «жер дауы», «энергетика дауы»!

1634

Жақында Ресей президенті В.Путин ресми сапармен Өзбекстанда болып қайтты. «Орда» сайтының мәлімдеуінше, кездесуде Ресей мен Өзбекстан арасында Өзбекстанның Жизақ облысында атом электр станциясын салуға  келісім жасалғаны белгілі болды. «Белгілі болды» деуіміздің себебі бұл келісімнің Қазақстаннан құпия жасалғанында болып отыр. 

РЕСЕЙ МЕН ӨЗБЕКСТАН ҚАЗАҚСТАННАН ЖАСЫРЫП НЕ КЕЛІСТІ?

Дәл осындай «келісім» бұрын Қазақстан мен Ресей арасында жасалған еді. Қазақстан оны референдуум арқылы шешеді. Себебі, Украинадағы «Чернобыль жарылысы» төнетін радиациялық қауіп көрші елдерді қамтитынын көрсетті. Қазақстан өз жағдайын емес, көршілердің қауіпсіздігіне қатер төнбеуін ойлап, бұл мәселеде асығыстық танытпай отыр.  Ал, Ресей мен Өзбекстан Жизақта атом электр станциясын салу туралы шешімді Қазақстаннан құпия қабылдап, әрі, оны шегара маңына салуды ұйғарғаны – олардың Қазақстанға деген достық қарым қатынасына күмән тудырады. Сондықтан, Қазақстан бұл мәселені зерттей бастаймыз деп мәлімдеді…

Біз неге су мәселесін атом электр станциясын салу туралы жағымсыз хабардан бастадық?

Себебі, Орталық Азия мемлекеттері – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Ресеймен жеті жарым мың шақырымнан астам шегараласатын Қазақстан мемлекеттері КСРО күйреп, тәуелсіздік алғаннан бері елеулі өзгерістерге ұшырады. Елдегі демографиялық жағдайлар түбегейлі өзгерді: Өзбекстан осы уақытта халқының санын 35 миллионнан асырып, бұл аймақта «демографиялық рекордтық көрсеткішке» қол жеткізді. Түркіменстан халқының да саны үздіксіз артуда. Қырғызстан мен Қазақстан біртіндеп моноұлтты мемлекеттерге айналуды. Олардың да халқының саны артты. Мәселен, Қазақстанда қазақ халқының саны 30 пайыздан өсіп, 70 пайыздан асты. Ресеймен шегаралас көптеген аудандар қазір қазақтанды. Қазір Өскемен қаласындағы қазақ саны 50 пайыздан асты.

Осындай ұлттық демографиялық өзгерістер Орталық Азия және Қазақстан арасындағы достық қарым қатынасты нығайтты. Бұрын, Кеңестер Одағы заманында бұл елдер өзара «социалистік жарыс» атты бәскелестікпен өмір сүріп, әрқайсысы тек өзінің күйін күйттеп келді десек болады. Бәрін де Мәскеу шешіп отырғандықтан, бұл елдер арасындағы «жер мәселесі», «су мәселесі», «энергия мәселесі», «газ мәселесі» үнемі де талас тудырып, көрші елдерді «Орталыққа жүгінуге» итермелейтін…

ОА-ДА «СУ ДАУЫ», «ЖЕР ДАУЫ», «ЭНЕРГЕТИКА ДАУЫ» ӘЛІ ТОЛЫҚ ШЕШІЛМЕДІ! 

Өзбекстан «мақтасын» алға тартып, Сырдария суын шектеді. Тәжікстан мен Түркменстан, Өзбекстан бірігіп, Әмударияны ауыздықтады…. Нәтижесінде Жер шарының «таңғажайып құбылысы» саналатын Арал теңізінен ажырап тындық. Оның экологиялық қатері, енді, бұрынғы бәсекелес Орталық Азия елдердің бәріне бірдей төнді. Ешқайсысы одан тысқары қала алмады… Ақыр соңында «кеңестен қалған» шиеленіс Орта Азияда өзара әскери қақтығысқа алып келді. «Су дауы», «жер дауы», «энергетика дауы» әлі де толық шешімін таппай келді.

Әрине, тәуелсіздіктен кейін бұл елдер өзара қатынасын тарихи тұрғыда жаңғыртып, бұрынғы туыстық бауырластық бағытқа бұруға қадам жасағаны рас. Бірақ, ол ел мен ел арасында жалғасын таппады. Оған бұл елдердегі авторитаризм кедергі болды. Авторитарлық биліктер бұрынғыдай Мәскеуге, сосын шегарасы ашылған Қытайға жалтақтауын доғармады. Ал, өзара қатынаста «бірде тату, бірде қату» болып жүрді: билік татуласқанда – ел өзара қатынасып, табысып қалады, қатуласқанда – екі ел өзара шегарасын жауып, алыстап қалады. Сол кезде ел өзара «су мәселесін», «жер мәселесін» қайта қарауды талап етіп, оның арты бір бірін «тарихи шыбықпен» шықпыртумен жалғасып жатты. Ал, авторитаризм – өз білгенімен кетті – оның мақсаты әуел бастан «қарақан бастың қамы» еді ғой

Орталық Азия елдерінде биліктердің алмасуы, әсіресе, Өзбекстан мен Қазақстанда жаңа демократиялық лептің пайда болуымен бірге, бұл саяси аймақтағы еларалық қатынастарға елеулі өзгерістер енгізді. Енді өзара туыстық достық қатынастар дәріптелетін болды. Бұл тарихи тұрғыдан әділетті. Өйткені, біздің елдердің тарихы, қаншама қазсақ та, одан өзімізге ортақ белгілерді көбірек табамыз. Сөйтіп, жаңа мемлекетаралық қатынас енді біртіндеп әлеуметтік және экономикалық қатынаста да, рухани мәдени қатынаста да көрініс бере бастады…  Күн тәртібіне жүздеген жылдардан соң қайта жаңғырған «Тұран одағы», «Тұран бірлігі» атты мәселелер қойыла бастады. Ол, әрине, табиғи түрде «Түркі әлемі» идеясымен ұштасары – айтпаса да белгілі…

 

«ОРТА АЗИЯДА СУДЫ ИГЕРУДЕ БҰРЫНҒЫДАЙ ШОУ БОЛМАЙДЫ»

Осының дәлелі ретінде, жуырда Қырғызстан премьері «Орта Азияда су ресурсатын игеруде бұрынғыдай шоу болмайды» деп мәлімдеді. Яғни, оның сөзінің астарында «Өзара туыс Орта Азия елдері енді су мәселесін өздерінің мүмкіндіктері мен мұқтажына қарайласа отырып, бірлесе шешім қабылдау  арқылы шешеді» деген мағына жатқаны рас. Мәселен, жақында Өзбекстан мен Қазақстан Қырғызстан территориясында бірлескен Қамбар Ата Су Электр станциясын салуға уағдаласты. Сол арқылы біз Орталық Азия елдері ортақ мақсат пен глобалды мәселелерді шешуде біріге алатынын көрсетті. Сонымен бірге, қырғыз премьері Ақылбек Жапаров MINEX Орталық Азия тау геология форумында «Бұл жоба елдердің энергетикалық интеграциялануының жаңа дәуіріне жол ашады» деп атап көрсетті. Қамбар Ата СЭС 1 – қырғыздың Нарын өзенінде салынбақшы. Ол Орталық Азиядағы аса ірі гидроэлектростанциялардың бірі болмақ.

Әрине, бізге болашақта Орталық Азияда бәрі ойдағыдай болады деп кесіп айтуға ерте. Өйткені, соңғы замандарда әлемдік климат күрт өзгеріп, адамзатқа бұрын соңды болмаған тәуекелдерді алып келе жатыр. Соның бірі – су тапшылығының артуы. Мысалы, биылғы көктемде Қазақстанның батысы мен солтүстүгі тасқын судан зор зардап шекті. Оған Қырғыз және Өзбек елдері өз жәрдемін көрсетті. Бірақ, тасқын су елдегі глобалды су мәселесін шеше алмайды.  Ол уақытша әрі апатты құбылыс. Ал, ұзақ мерзімге бағытталған «су ресурстарын үнемді және тиімді қолдану» проблемасы – Оталық Азия мен Қазақстанның бірлесіп, өзара ынтымақтасып шешетін мәселесі болып қала береді. Ол энергетика саласында, мақта мен бау бақша өндірісінде,  жалпы, ауыл шаруашылығында бірге әрекеттенуді көздейді. Тек сонда ғана Орталық Азия елдері бірігіп жер бетіндегі табиғаттың глобалды өзгерістеріне төтеп бере алады – «кемедегінің жаны бір» деген…

Ал, өзге елдер бұрынғыдай өз мақсаты үшін «біреуін – мақтап, екіншісін – қолпаштап, араға ақырын от жағып қою» әрекеті енді іске аспайды.  Сондықтан Өзбекстанның «атом электр станциясы құпиясы» Ресей тарапынан жасалған саяси қадам болуы да мүмкін. Өйткені, кейінгі кезде ресейлік саясаткерлер Қазақстанға ерекше «назар аударуын» тоқтатпай келеді – бұл «құпия» соның жалғасы бәлкім…

Mezgil.kz