Назым Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы

567

2025 жылғы 9-16 наурыз аралығында Сербияның Ниш қаласында бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы (IBA) ұйымдастырған жаһан біріншілігіне Қазақстан атынан 12 боксшы қатысты.

Жартылай финалға 6 спортшымыз өтіп, Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (50 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі) және Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) ақтық сынға жолдама алды. Ал Наталья Богданова (70 келі) ½ финалда сүрініп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Анита Адишева (52 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Жасмин Қизатова (66 келі), Надежда Рябец (75 келі) және Гүлсая Ержан (81 келі) жүлдеге қол жеткізе алмады.

Финалға шыққан 5 саңлақтың үшеуі алтын медаль алды. Оның әрбірінің өз ерекшелігі бар. Атап айтқанда, Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанып, қазақ бокс тарихына енді. Бұған дейін ешбір қазақ боксшысы әлем біріншілігінде 3 мәрте топ жармаған. Назым бұған дейін 2014 және 2016 жылы әлем үздігі атанған.

Алуа Балқыбекова әлем чемпионатының толық медаль комплектін жинады. 2022 жылы – күміс, 2023 жылы қола алған Алуа Сербияда чемпион атанып отыр. Ал Аида Әбікеева өзі қатысқан алғашқы әлем біріншілігінде алтын медаль алды.

Финалда өнер көрсеткен Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова қарсыластарына есе жіберіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды. Осылайша, Қазақстан қыздар құрамасы Сербияда 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты. 4 алтын, 1 күміс, 2 қола еншілеген Ресей боксшылары медальдер кестесінде көш бастады.

IBA бұл жолғы әлем чемпионатында аса қомақты сыйақы берді. Финалда чемпиондар – 100 мың, екінші орын иегерлері – 50 мың, қола жүлдегерлер – 25 мың АҚШ долларын алды.

Сондай-ақ әлем чемпионаты тарихында алғаш рет ширек финалға шыққан боксшылар қаржылай марапатқа ие болады. Оларға 10 мың доллар гонорар төленді. IBA бұған дейін мұндай үлкен сыйақыны 2023 жылы Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында үлестірген. Ол кезде чемпион атанған боксшы – 200 мың, күміс жүлдегер – 100 мың, үшінші орын иегері – 50 мың доллар гонорар алған болатын.

Қуаныш Қаппас