РУХЫ МЫҚТЫ ЕЛДІҢ ӘСКЕРІ ДЕ ҚУАТТЫ

19

Отан қорғаушылар күніне орай қаладағы «Қызғалдақ» сарайында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен «Егемен елдің қорғаны» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға түрлі саладағы жауапты тұлғалар, әскери бөлім өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Іс-шарада халқымыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық рухы кеңінен дәріптелді. Себебі, бұл – ел қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, күштік құрылым мамандарына және барша отандастарға арналған ерекше күн.
Мерекелік кештің шымылдығы ел қорғанысы жолында қолданылатын заманауи қару-жарақ үлгілері қойылған көрмемен ашылды. Қала тұрғындары мен қонақтары назарына ұсынылған әскери экспозициядан бүгінде еліміздегі арнайы операциялық күштерде, оқу-жаттығу жұмыстарында және нақты әскери іс-қимылдар барысында қолданылатын қару-жарақ түрлері таныстырылды. Көрмеде Түркия, Израиль, Ресей және АҚШ елдерінде жасалған, сондай-ақ Қазақстанның Қарулы күштері қолданатын құрал-жабдықтар көпшілікке түсіндірілді.

Көрмедегі ең көне қару – 1987 жылы шығарылған пулемет болса, ең жаңа үлгілер – 2024 жылы жасалған, соңғы модельдер. Бұл еліміздің қорғаныс саласының үнемі жаңарып, заманауи талаптарға сай қаруланып келе жатқанын көрсетеді. Әскери көрме жастарға отансүйгіштік ұғымының терең мағынасына үңілуге жол ашып, еліміздің қорғаныс әлеуетімен жақын танысуға мүмкіндік берді. Мамандар келушілерге қарулардың техникалық сипаттамалары мен қолдану ерекшеліктерін түсіндіріп, әскери саладағы тың жаңалықтар туралы кеңінен мәлімет берді.

Салтанатты жиында қала басшылығы тарапынан ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікке сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерді Сәрсен Абайұлы арнайы марапаттады.. Солардың бірі – Шымкент қаласының прокуратурасы басқармасының прокуроры Самат Қадыров. Ол өз саласында салада он үш жылдан бері еңбек етіп келеді. «Бүгінгі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай қала әкімінің алғыс хатына ие болдым. Бұл – мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Прокуратура саласында жұмыс істеу – әрқашан қиындық пен жауапкершілікке толы.

Әрбір істің артында адамның тағдыры тұрғанын түсініп, барынша әділ әрі заң аясында шешім қабылдау – біздің басты міндетіміз. Ал Отанды қорғау дегенді мен бейбіт күнде халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ел ішінде заңдылық пен тәртіпті сақтау деп білемін. Әрбір адам өз ісін адал атқарып, ел мүддесіне қызмет етсе – бұл да отаншылдықтың бір көрінісі», деді ол.

Отан қорғаушылар күні аясында марапатталғандардың қатарында Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел өкілі Сапарғали Байботаев да бар. Бұл салада ол жиырма жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. «Соңғы үш жылдан бері еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты бойынша еңбек етіп келемін. Біздің жұмыс – мемлекеттің қаржы саясатын заң аясында қорғау, алаяқтық пен қаржыны мақсатсыз жұмсауға қарсы тұру. Әрбір теңгенің халық игілігіне жұмсалуын қадағалау – басты мақсатымыз. Бүгінгі марапат – тек менің емес, менің ұжымымның еңбегіне берілген баға. Барша Қазақстан азаматтарын Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деді ол.

Салтанатты жиын мәдени іс-шаралармен жалғасты. Сахна төріне отансүйгіштік тақырыптағы әндерімен ел ықыласына бөленген өнерпаздар шықты. Кеште «Алашұлы» тобы, «Абырой» ансамблі, сондай-ақ белгілі әнші Әйгерім Қалаубаева көрерменге рухты көтеретін әндер тарту етті. «Соғыс болмасын», «Егемен Қазақстан», «Аман бол», «Синяя вечность», «Мен қазақпын», «Ерлердің ісі бітер ме», «Хат жазып тұр», «Жаса Қазақстан», «Менің мырзам», «Сәйгүлік», «Біздің күш», «Рух» сынды әндер орындалып, елдік пен бірлікті ұлықтады. Сонымен қатар, «Қазына» би ансамблінің орындауындағы «Дала сарбаздары» биі де көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Концерт соңында сахнаға шыққан өнерпаздарға гүл шоқтары табысталып, көрермен қауымның шынайы алғысы жеткізілді.

Мерекеге орай ұйымдастырылған шараның мазмұны биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы тарихи сәйкестік елдік рухты асқақтатып, бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмірдің бағасын ұғынып, Отан алдындағы азаматтық жауапкершілікті терең түсінуіне жол ашты. Шымкент қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынованың айтуынша, бұл – тек әскери қызметкерлер үшін ғана емес, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барлық сала мамандарына арналған ерекше мереке.
Осылайша бұл күні Шымкент қаласы бір мезетте әскери рух, алғыс пен қошеметке толы атмосфераға бөленді. Ел қорғаушыларының ерен еңбегі лайықты құрметке ие болды. Осындай мазмұнды іс-шаралар – ұлт бірлігі мен елдік сананы бекемдей түсетін жарқын мысал. Шынайы патриотизмнің негізі де осындай күндердің қадірін білу мен ұрпаққа үлгі етуден басталары сөзсіз.

«Шымкент келбеті»