«Шымкентте мұндай масқарашылдық әлі болмаған»: Абылайхан Қалназаров Берденов оқиғасына пікір білдірді (ВИДЕО)

26

Мәдениеттанушының айтуынша Руслан Берденовке жасалған қастандық бүкіл Шымкент қаласына күйе жақты.

“Qasqa Jol” подкастының кезекті шығарылымында қонақта болған Абылайхан Қалназаров Шымкент қаласының бүгінгі әлеуеті жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Абылайхан Қалназаров өзінің шығарған Шымкент қаласы жайлы идеологиялық кітабын таныстырды. Сондай-ақ, мәдениеттанушының айтуынша Руслан Берденовке жасалған қастандық бүкіл Шымкент қаласына күйе жақты.

“Шымкентті жаман демеймін. Жақсы тұстары да жетерлік. Мәселелері де жетерлік. “Сүйгенің болсын сөккенің”, — дейді. Сен шын сүйсең кемшілігі мен шешу жолдарын айта отырып сүюің керек. Руслан Берденов жайлы пікір айтқым келмейді. Ол жерде түрлі біз білмейтін ағыстар бар шығар. Былай қарасаң тұрмыстық мәселе сияқты болды. Оны ойлану керек. Мен толықтай Берденов кейсін қарастырмадым әлі. Бір ісіне қарасаң, жолында өлгің келеді. Бір ісіне қарасаң, қолыңда өлгің келеді. Бірақ бір айтатыным, Шымкентте мұндай масқарашылдық болмаған еді. “Шымкент бренді” деп шырылдап жүрген адаммын ғой. Шымкенттің брендіне түскен бұл зақымнан қалай емделіп шығарын, қалай арыларын білмеймін. Мына оқиға қай кезде болып жатыр? Өздеріңіз топшылай беріңіздер”, — деді ол.

Сондай-ақ, Абылайхан Қалназаров Шымкенттің әкімі сырт жақтан келіп болу керектігін айтты. Бұл оның маман ретіндегі субъективті ойы. Себебі, сырттан келіп, Шымкентпен біте қайнамаған адам ғана қалада жүйе орната алуы әбден мүмкін екендігін айтады.

“Шымкенттің әкімі Шымкенттен болмауы керек. Бұл менің зерттеген ғалым ретіндегі ойым. Ал осы қаланың тұрғыны ретінде мен Шымкенттен болуы керек деп айтар едім. Топырағында ойнап, алмасын жеген, суын ішкен адам болу керек дер едім. Бірақ екінші Абылай бар. Қалыптасып қалған жүйелерін бұзатын адам керек шығар. Жәй адам емес, “катани” образындағы адам керек”, — деп топшылады Абылайхан мырза.

Подкасттың толық нұсқасын “Qasqa Jol” ютуб арнасынан көре аласыздар.