Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Екінші айыпталушы «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салумен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қожағапанов 2-дәрежелі «Айбын» ордені түріндегі мемлекеттік наградасынан айырылып, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы сақталсын… Көккөзова кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу жазасына кесілді. Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қамауға алу түріне ауыстырылсын, Көккөзова сот залында қамауға алынсын», – деп үкім шығарды Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы.
Сот Туризм және спорт министрлігінің азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды: Ерлан Қожағапановтан келтірілген шығынды өндіруден бас тарту және Ләззат Көккөзовадан 1 миллиард теңгеден астам материалдық шығынды өтеу.
Ерлан Қожағапанов 2024 жылы наурызда ұсталды. Оған 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастығы форумын ұйымдастыру кезінде 1 миллиард теңгені жымқырды деген айып тағылды.
Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы («Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану») бабы бойынша сотталды, «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің басшысы Ләззат Көккөзова – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы («Бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде ұрлау») бойынша айыпталды.