Бір бизнесмен-әкім кетіп, екінші бизнесмен-әкім келген Алматы

319

Көптен бері қызметінен кетеді деп жүрген Досаев ақыры кетті. 24 мамыр күні Алматы қаласы әкімі «креслосын» босатып берді, бұл кресло бір күн бойы бос тұрды.

 Түрлі болжам жасалып, талай адам «келіп-кеткен» мегаполис мэрі лауазымына келесі күні Түркістан облысын бірнеше жыл басқарған, кейіннен Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне ауысқан Дархан Сатыбалды тағайындалды.

Досаев Алматыға әкім болып келген тұста қоғамда оның байлығы мен элита арасындағы орнына қатысты сенімсіздік болды. Себебі Досаев мемлекеттік басқаруға бизнестен келген шенеунік. Қызметтік жолында жылдам көтеріліп отырған ол небәрі 28 жасында вице-министр қызметіне дейін өсіп, оған дейін түрлі банктерді басқарды. 2014 жылы отандық Forbes оның байлығын 110 млн доллар деп көрсеткен. Қазір Досаев атында ресми 5 компания, әйелінің атында 7 компания тіркелген. Өзінікі айтарлықтай табыс таппаса да, әйелінің миллиардтаған қаржы айналдырып отырған кәсіпорындары туралы бұған дейін кеңінен жазған едік.

Досаевты тағайындау Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылғы ақпанда өтті. Президент сол кездегі әкім Бақытжан Сағынтаевты қызметінен босатып, орнына Досаевты жіберді. Жаңа әкімнің халық сайлауынсыз, жоғарыдан тағайындалуы, бұған қоса оның бұрынғы даулы істері – бұлардың бәрі жұрттың күмәнін туғызды. Досаев келген күні-ақ кейбір тұрғындар «бұл біздің әкім емес» деп бас көтерді. Оның үстіне Досаев 2004–2006 жылдары денсаулық сақтау министрі болып тұрған кезде Шымкентте 150 бала ВИЧ жұқтырды (кей деректерде 220), оның 9-ы қайтыс болды. Сол кезде Досаев ешқандай жазаға тартылған жоқ, тек қызметінен босатылды. Бұл да жаңа әкімді негатив жағынан танытқан жайттардың бірі еді. Сөйтіп, Досаевты алматылықтар петициямен қарсы алды.

Досаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Досаевтың әкім кезіндегі даулы істері

Алматы – құрылыс қарқыны ешқашан бәсеңдемейтін алып шаһар. Ерболат Досаевтың әкімдікке келуі де қала құрылысын ретке келтіру қажеттілігімен тұспа-тұс келді. 2023 жылы көптен бері дайындалып келген Алматының жаңа Бас жоспары қабылданды. Алайда бұл құжатқа қатысты дау аз болмады. Тәуелсіз сарапшылар арнайы баспасөз мәслихатында жаңа «генпланның» мақұлдану рәсімінде өрескел заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, 2022 жылы құрылған 27 адамдық эксперттік комиссия қала құрылысы жөніндегі қорытындысын бергенімен, жобаға сол ұсыныстар толық енгізілмеген. Тіпті құжатта комиссия мүшелерінің қолы жоқ болып шыққан. Досаев өз тарапынан заңсыз құрылыспен күресті күшейткенін айтып бақты.

Қаладағы ең үлкен тағы бір дау – тұрғын үйлердің мәжбүрлі сүрілуі және соған қатысты өтемақының аздығы болды. 2023-2024 жылдары Алматының түрлі аудандарында жол түсіру, мектеп салу сынды қажеттілікпен ондаған үйді мемлекет қажетіне алуға кірісті. Мысалы, 2024 жылы Әуезов ауданындағы Жандосов, Сүлейменов көшелері маңындағы ықшамауданда үлкен мектеп салу үшін 15 шақты жеке үйді сүріп, жерін алу туралы шешім шықты. Жергілікті тұрғындарға үй-жайларының нарықтық құны төленеді деп уәде етілді. Алайда тәуелсіз бағалаушылар емес, әкімдік жалдаған бағалаушылар өтемақы сомаларын нарықтан бірнеше есе төмен белгілеген: көпшілігіне 15–20 миллион теңге шамасында ғана ұсынылды. Бұл ақшаға қала түгіл, қала шетінде де үй сатып алу мүмкін еместігі белгілі. Осыған наразы болған тұрғындар жиналыстар өткізіп, әділ өтемақы талап етті.

Тағы бір дау – Алғабас ауданы мен Мәдениет ықшамаудандарындағы су, жол, жарық мәселесінің жағдайы ақырында тұрғындардың наразылыққа шығуына себеп болды. Білдей бір қаланың аудандары бола тұра, көшесі сатылып, үйлерінде су мен жарықтың болмауы 150-дей адамды наразылыққа алып шыққанымен, оған Досаев селт еткен жоқ, тек аудан әкімі келіп, уәдені үйіп-төгіп кетті. Кейіннен қалаға қосылған аталған аудандардағы жарық, су, жол мәселесі жылда жазда ушығатын еді. 3 жылдан аса әкім болған Досаев мұны да ретке келтірместен кете барды.

Досаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Халыққа емес, бетонға жақын әкім

Алматының инфрақұрылым бюджеті Ерболат Досаев тұсында рекордтық көлемге жетті. Алайда осынша қаржының тиімділігі тұрғындар арасында күмән туғызды. Себебі қалада жылда қайталанатын «бордюр алмастыру» әдеті Досаев кезінде де жалғасын тапты. Қоғамда жаңа салынған тротуарлардың жиектастары (бордюрлері) көп ұзамай қайта ауыстырылатыны, бұл «мәңгі бітпес жөндеу» арқылы бюджет қаржысы талан-таражға түсетіні туралы ащы әзіл қалыптасқан. Шынында, бүтін бордюрлерді алмастырып жатқан жұмысшыларды көрген қала тұрғындары әлеуметтік желіде қала билігін сынға алатын жағдай жиіледі. Қаланың күре жолдарын кеңейту, жаңа жол салу – мұның бәрі мегаполистегі көлік санын азайта алған жоқ, керісінше, кептеліс көбейіп, жұрт әкімді одан сайын сынай түсті.

Қала тұрғындарының қалтасына тікелей әсер еткен тағы бір шешім – қоғамдық көлік тарифінің қымбаттауы. Ерболат Досаев әкім болысымен, көп ұзамай автобус пен метро жолақысы көтерілді. 2023 жылдың тамызынан бастап Алматыдағы жолақы ONAY картасымен төлегенде 100 теңге, қолма-қол төлесе 200 теңге болып бекітілді. Бұған дейінгі тариф 80 теңге (қолма-қол 150 тг) еді, яғни электрондық төлем бағасы 25%-ға өсті. Жолаушылар бұл жаңалықты наразы қабылдады, өйткені сервистің сапасы көтерілген жоқ. Әкімдік тарифті өсіруді тасымалдаушы компаниялардың шығыны артып, субсидия көп кетіп жатқанымен түсіндірді.

Ал велоинфрақұрылым жобаларының тағдыры екіұдай. Бұрынғы әкім Бауыржан Байбек тұсында бастапқы қарқын алған велосипед жолақтары, жалға берілетін велостансалар Досаев кезеңінде айтарлықтай дами қойған жоқ. Керісінше, кей аудандарда велосипед жолы деп сызып қойған жолақтар уақыт өте келе автотұраққа айналып, немесе көшені кеңейтуге байланысты жойылып кетті.

Досаев қызметке кіріскен бойда Алматыны «жасыл қала» етем деп ұрандатты. Қала әкімдігі жыл сайын миллиондаған көшет отырғызғанын рапорттап келді. Мәселен, 3 жыл ішінде Алматыда миллионнан аса ағаш егілген. Бірақ экологтар бұл науқандардың көзбояу екенін алға тартады. Жаңадан отырғызылған шыбықтардың біразы күтімсіз қурап қалады, ал сол арада жаңа жол салу үшін ондаған ағаш оталып кетеді. Бір қолымен ағаш отырғызып, бір қолымен ағаш кесу «дәстүрі» бұрыннан бар, Досаев оны тоқтата алған жоқ. Досаевтың кезінде қалада смарт-суару жүйелері, жасыл желекті инвентаризациялау сияқты шаралар қолға алынғанымен, түбегейлі өзгеріс сезілмеді. «Жасыл қала» ұраны көбіне қағаз жүзінде қалып, әлеуметтік желідегі ресми аккаунттарда әдемі инфографика түрінде ғана көрініс тапты. Соның салдарынан экологиялық жағдай да айтарлықтай жақсармады: Алматының ауасы әлі түтін әрі тұман, жыл сайынғы көрсеткіші бойынша әлемдегі ең лас қалалардың тізімінен түспеді. Мысалы, биылғы әлемдегі 126 ең лас ірі мегаполис ішінен Алматы бірінші орынға шықты.

Сынмен емес, сыншылармен күрескен әкім

2022 жылы 5 ақпанда Алматыда өткен митингте тұрғындар «Досаев кет!», «Досаев – біздің әкім емес!» деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Досаев әкім болып келген алғашқы аптада-ақ қалада осы мазмұнда рұқсат етілген шағын митинг өтті. Қаңтар қырғынынан кейін алғаш рет бейбіт жиын өткізуге билік рұқсат берген бұл шараға шамамен 100 шақты адам қатысты. Наразылар Алматы әкімі президенттің тағайындауымен емес, тұрғындардың тікелей сайлауымен келсін деген талап қойды. Дегенмен бұл бейбіт акция – Досаевтың тұсында Алматыда өткізілген аз санды рұқсат етілген митингінің бірі ғана еді.

Кейінгі жылдары Алматы әкімдігі митингілерге мүлде рұқсат бермеу саясатын ұстанды деуге болады. Қалалық ішкі саясат басқармасы түрлі сылтаумен оппозициялық және тәуелсіз топтардың жиын өткізу туралы өтініштерін кері қайтарумен болды. Солардың ішінде ең таңғаларлығы – азаматтардың Досаевтың өз отставкасын талап еткен митингіге де тыйым салынғаны.

Былтыр Досаев өзі туралы кім не жазып жүргенін анықтау мақсатында тендер бөлгені қоғам сынына қалды. Алматы әкімдігі арнайы тендер жариялап, 2023 жылы оған бюджеттен 190 млн теңге, 2024 жылы 259 млн теңге бөлген. Бір қызығы, бұл тендерлерді әкімдікке қарасты Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Мониторинг-талдау орталығы шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ұтып алған.

Мұндай қадамдардан соң 2023 жылы Ерболат Досаевтың отставкаға кетуін талап еткен онлайн-петиция жарияланып, оны 57 мыңнан астам адам қолдады. Әкім бұл петицияға көңіл бөлмеуге тырысты. Тіпті халықпен кездесулерінің бірінде: «Алматыда 2 миллионнан аса халық бар, 57 мың қол – теңізден тамшы ғана, оның ішінде шынайы адамдар ма, жоқ па, белгісіз» деп, күле жауап берді. Әкімнің мұндай менсінбеушілік риторикасы оның беделіне одан сайын нұқсан келтірді.Тіпті «менің жұмысыма президент баға береді» деген сөзін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ.

Димаш Әлжан
Фото: VOXPOPULI.KZ

Димаш Әлжан, саясаттанушы: Халық сайламаған әкім халықтың мұңын естімейді

Алматыны басқару мен дамытудағы негізгі мәселе – әкімдердің бәсекелі сайлау арқылы сайланбайтындығында. Тағайындалатын әкім қаланың емес, президенттің өкілі. Қала басшысын сайлау мен ашық саяси бәсекенің жоқтығы салдарынан әкімдер тұрғындардың қолдауына ие болу үшін тиімді даму бағдарламаларын әзірлемейді. Мұның соңы – әкімдердің қала тұрғындарының мүддесіне құлақ аспай, өз жұмысын оларға есеп бермей жүргізуіне алып келеді.

Соңғы жылдары Алматыда бірнеше әкім ауысты, алайда қала өзінің экономикалық және мәдени әлеуетіне сай даму деңгейіне жете алмады. Естеріңізге сала кетейін, Алматы – ел экономикасының бестен бір бөлігі, яғни ЖІӨ-нің 20 пайызы осы қалаға тиесілі. Соған қарамастан, қалада дамыған инфрақұрылым жоқ, әрі ол жақын елдерді әлеммен байланыстыратын өңірлік экономикалық орталық не логистикалық хабқа айналған жоқ.

Орталықтандырылған басқару жүйесінің кесірінен Алматы саяси шектеуде қалып отыр және өз әлеуетін толық жүзеге асыра алмай келеді. Сондықтан да тағайындалатын әкімнің тұлғасы мен тегі аса маңызды емес. Президент тағайындайтын жүйе бұрмаланған тәуелділік орнатады және әкімге қаланы дербес басқара алатын, тәуелсіз мандаты бар саяси тұлға болуға мүмкіндік бермейді. Алматы тұрғындарының тағайындалатын әкімдерге үнемі көңілі толмайды.

Бұл құбылыстың астарында жергілікті биліктің сайланбалы және есеп беретін болуына деген қоғамдық сұраныс жатыр. Алматыда нақты өзгерістер әкімнің сайланбалылығы мен өзін-өзі басқару жүйесінен басталады. Қаланың экономикалық қуатын ескерсек, тұрғындар қолдайтын сайланбалы әкім елдегі екінші ең ықпалды саяси тұлғаға айналуы әбден мүмкін.

Мұндай жағдайда әкім қызметі премьер-министр немесе президент лауазымына ұмтылуға арналған саяси трамплинге айналар еді. Дәл сондықтан бізде әкімдерді тікелей сайлауға жол берілмейді. Тағайындалатын әкімнен бұған дейінгі әкімдерден өзгеше нәтиже күтудің қажеті жоқ. Бәрі сол бұрынғыдай, авторитарлық жүйе шеңберіндегі тиімсіз басқару жалғаса береді.

Дархан Сатыбалды

Ақорда сенген Дархан Сатыбалды

Дархан Сатыбалды – елдің оңтүстігінен шыққан, биліктің барлық сатысынан өткен тәжірибелі шенеунік. Бұрынғы әкімнің «бордюр философиясы» мен қоғамдық наразылықтардан соң, жаңа әкімнің саяси жүгі одан да ауыр болмақ. Ол бұл қызметке тағайындала салысымен БАҚ беттерінде Дархан Сатыбалдының туыстарының бизнестері туралы айтыла бастады. Jas Alash оның туыстары қандай кәсіптерге иелік ететінін бұған дейін көлемді зерттеу мақаласында жазған еді. Ал Сатыбалды бірнеше рет «менің бауырларым Түркістан мен Шымкентте бизнес жасамайды, тек Астанада ғана кәсіппен айналысады» деген. Бұл – ресми жауап, бірақ бейресми шындық әлдеқайда күрделірек. Ағайынды Сатыбалдының отбасылық бизнесі – құрылыс, мүлік, қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін ондаған компаниядан тұрады. Ішінде миллион емес, миллиардтаған теңгелік айналымдары бар заңды тұлғалар бар. Көпшілігі Астанада тіркелгенімен, ықпал аймағы ел аумағын қамтиды. Мысалы, Мұхтар Сатыбалдының бір өзі 8 компанияны басқарады. 2023 жылғы жалпы ақша айналымы – 12,8 млрд теңге болған, ал мемлекетке төлеген салығы – 382 млн теңге. Тағы бір бауыры, Ғабит Сатыбалды компанияларының 2023 жылғы қаржы айналымы 96 млрд теңге көлемінде. Оның да атына 8 компания тіркелген. Тіпті Сұңқар Сатыбалды иелік ететін компаниялардың қаржысын естігенде таңғалмай қалуға болмайды. Оның Sat Group Project атты компаниясының 2023 жылғы қаржы айналымы 297 млрд теңге. Бұл – кейбір облыстың бюджетімен тең сома.

Айтпақшы, бұл қатарға Дархан Сатыбалдының басқа туыстары мен әйелін қосқан жоқпыз.

2022 жылы Кіші Талдыкөл дауы тарады. Қоғамдық резонанс тудырған бұл экоқайшылықтың артында да Сатыбалды отбасының үш компаниясы тұрды. Бұл компаниялар көлді заңсыз құрғатып, орнына элиталық тұрғын үй кешендерін салуға кірісті. Экология министрлігі заңбұзушылықты мойындап, құрылысқа тыйым салынды. Бірақ кеш болды. Қала табиғаты орны толмас зардап шекті, ал жауапкершілік ешкімге жүктелген жоқ.

2022 жылы Түркістан облысының орталығында ерекше бір көрініс орын алды. Бір топ фермер жергілікті әкіммен кездесуге келіп, әкімдік алдына тізерлеп «Хан ием» деп Сатыбалдыны атайды. Кадр әлеуметтік желіде тарап, резонанс тудырды. Дархан Сатыбалды бұл оқиғаға қатысты өзін ақтауға тырысты. Бірақ дәл осы кадрлардан соң Сатыбалды Түркістан облысы әкімі лауазымына қайта тағайындалды, ал арада көп уақыт өтпей Президент әкімшілігіне бірінші орынбасар болып көтерілді.

Дархан Сатыбалды
Фото: Жас алаш коллаж

Президент әкімшілігіндегі кресло транзит пе?

Дархан Сатыбалды Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалғанда да ресми түсіндіруде «бұл қызмет орталық пен аймақ арасындағы байланысты нығайту, тапсырмалардың орындалуын қадағалау міндетімен байланыстырылады» делінген. Бірақ бейресми түрде бұл – жүйе ішіндегі жоғары сенім белгісі, әрі транзиттік буын еді. Ондай орынға кез келген шенеунік бара алмайды. Бірақ қызығы сол, жаңа қызметте Сатыбалды небәрі 4,5 ай ғана отырды. Бұл аралықта оның қандай тапсырма орындағаны, қандай нәтиже көрсеткені туралы нақты дерек жарияланған жоқ. Сосын кенеттен Алматы әкімдігіне тағайындалды.

Дархан Сатыбалды келген бетте маңызды мәлімдеме жасап, алматылықтардың көңілінен шығуға тырысты. Ол ең алдымен халықпен диалогты күшейтуге уәде берді, мегаполистің өзекті мәселелерін шешуде тұрғындардың пікірі ескерілетінін айтты. Әрине, бұл – кез келген жаңа басшының айтар сөзі. Шын мәнінде, Сатыбалды алматылықтар үшін Алматының ішкі өміріне жат адамдар санатында. Сондықтан сарапшылар жаңа әкімге үлкен үміт артудан бұрын, оған уақыт беріп, ісіне қарай бағалау керек деп отыр.

Дархан Сатыбалдының қала әкімі болып сайлануы жұрт арасында «бір бизнесмен кетіп, орнына екіншісі келді» деген сөздердің де таралуына себеп болып отыр. Кей адамдар «Сатыбалды қытай бизнесмендерімен жақсы болды, Түркістанға қытай инвесторларын көптеп тартты, енді, Алматыны қытай бизнесмендері жаулап алады» дегенді де айтып жатыр. Не десек те, Алматы әкімі ауысты. Жаңа әкімге шаһар тұрғындарының көңілі тола ма, толмай ма, оны уақыт көрсетеді. Бәлкім, қоғам айтып жүргендей, ірі қалалардың әкімдерін тұрғындардың өздері сайлайтын уақыт та келген шығар…

Тұрсынбек БАШАР

zhasalash.kz