«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ПАРТИЯЛЫҚ КОМИССИЯ МЕКТЕПТЕГІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚАРАДЫ

120

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға комиссия төрағасы Ғани Ташқараев, Шымкент қалалық Құрылыс басқарма басшысының орынбасары Айдын Нашенов, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының заңгер-консультанты Марат Джандарбеков және комиссия мүшелері қатысты.

Басқосуда №47 мектеп-гимназиясының қосымша оқу корпусының құрылыс сапасына қатысты туындаған мәселелер кеңінен талқыланды. Мектеп өкілінің айтуынша, жаңа корпус 2022 жылы пайдалануға берілгенімен, араға жыл салмай жатып, ғимаратта түрлі ақаулар байқала бастаған. Мектеп әкімшілігінің мәліметі бойынша, кепілдік мерзімі аясында олқылықтарды қалпына келтіруге әрекет жасалғанымен, мердігер компания тарапынан барлық өтініштер толық орындалмаған.

Қос тараптың да уәждері мен дәлелдері тыңдалып, жұмыс сапасына қатысты даулар ашық әрі адал талқыланды. Мектеп өкілдері құрылыс сапасын жақсарту және кемшіліктерді жою үшін уақытша қосымша шаралар қабылдауды талап етті. Ал мердігер мекеме өкілдері барлық құрылыс жұмыстары жобаға сәйкес жүргізілгенін айтып, кепілдікке жататын ақауларды жөндегенін, бірақ қалған жайттар келіспеушілікке алып келгенін алға тартты. Олар, сондай-ақ, құрылыс барысында барлық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз еткенін айтып, бұл мәселелердің келісімшарт шеңберіне кірмейтінін түсіндірді.

Қос тараптың уәжін тыңдаған комиссия төрағасы Ғани Ташқараев мәселені ушықтырмай, өзара келісімге келудің маңыздылығын атап өтті. Ол құрылыс сапасының маңызды екендігін және мектептің келешек ұрпаққа білім беру орны ретінде өз жұмысын құқықтық және құрылыс жағынан толыққанды орындауы тиіс екенін айтты. Осылайша, тараптардың пікірлерін тыңдап, әрбір жағдайды мұқият қарап, құқықтық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдауды ұсынды.

Нәтижесінде, мердігер мекеме мектеп ғимаратындағы кемшіліктерді жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық жоюға міндеттеме алды. Осы уақыт аралығында құрылысқа қатысты барлық мәселелер мен кемшіліктер шешілуі тиіс. Тамыз айының соңында Партиялық бақылау комиссиясы аталған мектепке арнайы барып, құрылыс сапасын қайта тексеретін болып келісті.