Жаңа оқу жылының басталуына орай, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаевтың бастамасымен құрылған жұмысшы топ, білім беру мекемелерінің дайындығын тексеру мақсатында бірқатар мектептерді аралады. Бұл тексеру жұмыстарының басты мақсаты – оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін қажетті жағдайлардың жасалуын бақылау болды.
Жұмысшы топ құрамында партия филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Еңбекші аудандық филиал төрағасы Таймас Қамбатыров және қалалық мәслихаттағы партия фракциясы жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабаев болды. Олар №93, №95 және №128 жалпы орта мектептерін аралап, оқу кабинеттерінің, инфрақұрылым мен техникалық базаның жағдайын егжей-тегжейлі зерттеді. Сонымен қатар, білім ұяларында қауіпсіздік талаптарының орындалуына ерекше назар аударды.
Атап айтқанда, бірнеше мектепте дабыл жүйесінің мүлде орнатылмағаны анықталды. Бұл – оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін аса маңызды мәселе. Тиісті ескертулер беріліп, аталған кемшіліктердің жойылуы үшін мектеп басшыларына нақты тапсырмалар ұсынылды.
– «Жаңа оқу жылына дайындық тек ғимаратты жөндеумен шектелмейді. Ең алдымен, оқушылардың қауіпсіздігіне жауапты жүйелер толық жұмыс істеуі қажет. Өкінішке қарай, кейбір мектептер бұл бағыттағы жұмыстарды екінші кезекке ысырып жатады. Мұндайға жол берілмеуі тиіс», – деді Мұрат Жолдыхожаев.
Сондай-ақ, мектептердегі өрт сөндіру құралдарының мерзімі өтіп кеткені және кейбір мектептерде тіпті өрт сөндіру жүйелерінің орнында жоқ екені де сынға алынды. Бұл мәселелер оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды болғандықтан, мектеп басшыларына тез арада жөндеу жұмыстарын жүргізу және өрт қауіпсіздігі жүйелерін жаңарту тапсырылды.
Анықталған кемшіліктерді жою бойынша мектеп басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, бұл мәселе партиялық бақылауға алынды. Мұрат Жолдыхожаевтың айтуынша, партияның басты мақсаты – білім беру мекемелеріндегі оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету.
«AMANAT» партиясы білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жаңарту мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріп отыр. Партияның бұл бағыттағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.