Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің IV шақырылымы өз жұмысын тек отырыстармен шектемей, қаладағы өзекті мәселелерді тікелей бақылап, жауапты органдарға нақты ұсыныстар беруді жалғастыруда. Кеңес мүшелері түрлі бағыттағы нысандарға барып, жағдаймен көзбе-көз танысып, мониторинг жүргізіп келеді. Бұл жұмыс қоғамдық бақылауды күшейтіп, қаланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында маңызды рөл атқаруда.
Атап айтқанда, Қоғамдық кеңес:
Шымкенттің ескі қалашығы – Цитадель аумағындағы тарихи нысандардың жай-күйіне,
Металлург саябағындағы абаттандыру жұмыстарына, яғни, саябақтың тазалығы мен көгалдандыру деңгейіне,
Ағаштарды суару мен күтіп-баптау шараларына, оларды қорғау және өсіру бойынша іс-шараларға,
Бозарық шағын ауданындағы бейберекет қоқыс үйінділеріне, экологиялық мәселелерге байланысты шараларды қолға алу мәселелеріне,
Бадам өзені бойындағы шағал тастарының заңсыз пайдаланылу деректеріне, экологиялық құқық бұзушылықтар мен заңсыз әрекеттерді тоқтату шараларына,
А.Асқаров атындағы дендросаябақтағы көгалдандыру жұмыстарына бақылау жүргізді.
Мониторинг нәтижесінде жауапты басқарма басшылары мен дендросаябақ директорының атына нақты ұсыныстар беріліп, орындалу мерзімі белгіленді. Бұл ұсыныстардың жүзеге асуы қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында кеңес мүшелерінің бастамасымен және «Сити Строй» ЖШС-нің демеушілігімен Д.Қонаев көшесіне 1300 түп ағаш отырғызылды. Бұл экологиялық акцияның мақсаты – қаланың жасыл желегін көбейту және экологиялық жағдайды жақсарту болып табылады. Сонымен қатар, бұл шараның қоғам үшін маңызды рөл атқарып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосатыны сөзсіз.
Қоғамдық кеңес жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында кеңес туралы барлық ақпарат Шымкент қаласы мәслихатының ресми сайтындағы арнайы бөлімде тұрақты түрде жарияланады. Бұл қала тұрғындарының кеңес жұмысына белсенді қатысуына және оның шешімдеріне толық ақпарат алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кеңес мүшелері «Kazkenes» республикалық платформасына тіркелген. Бұл платформа арқылы олар өз жұмыстары мен ұсыныстарын көпшілікке жария етіп отырады.
Кеңес мүшелерінің белсенділігі әлеуметтік желілерде де көрініс табуда. Әрбір мүше өз парақшаларында атқарылған жұмыстар жайында ақпарат беріп отырады, жазбаларына оқырмандар тарапынан қызығушылық жоғары. Бұл азаматтар мен билік арасындағы кері байланысты нығайтып, жұмыстың ашық әрі тиімді жүргізілуіне жол ашады.