ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БЕЛСЕНДІ БАСТАДЫ

5
Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің IV шақырылымы ресми түрде 2025 жылдың 12 наурызында қалалық мәслихат төрағасының өкімімен бекітіліп, құрамына әр саладан 29 қоғам белсендісі енді. Кеңес құрамында азаматтық қоғам, мәдениет, білім, медицина, кәсіпкерлік және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бар. Сонымен қатар заңгерлер мен бюджеттік сала мамандары да кеңес жұмысынан шет қалмаған.
Кеңес мүшелерінің құрамы әркелкі және өкілдікке бай:
– Азаматтық қоғам өкілдері – 12,
– Кәсіпкерлер – 7,
– Мәдениет, білім, медицина саласының өкілдері – 6,
– Заңгерлер мен журналистер – әрқайсысы 2 адамнан.
Қоғамдық кеңестің жаңа құрамына алдыңғы шақырылымнан 9 адам қайта енген. Кеңесте гендерлік және этностық тепе-теңдік сақталған: әйелдер – 5, ер адамдар – 24. Жас ерекшеліктеріне келсек, кеңес құрамында жастар да бар: 18-35 жас аралығындағы 4 адам, орта жастағы – 12, орта жастан жоғары – 13.
Төрт тұрақты комиссия жұмыс істейді:
1. Бюджет, экономика және инвестиция мәселелері бойынша;
2. Азаматтық қоғаммен байланыс және әлеуметтік саланың дамуы жөнінде;
3. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық шаруашылық бойынша;
4. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, заңдылық және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөнінде.
Комиссиялар өз бағыттары бойынша қаладағы өзекті мәселелерді қарап, ұсыныстар әзірлейді. Кеңес құрылғаннан бері 5 жоспарлы отырыс өткізіліп, сенат депутаттарымен және жастармен кездесулер, сонымен қатар апталық ішкі жиындар ұйымдастырылып келеді. Әр сейсенбі кеңес мүшелері апта ішінде қордаланған мәселелерді, келіп түскен өтініштер мен жоспарларды талқылайды.
Есепті кезеңде:
– Қала әкімдігіне қарасты 8 басқарманың, 1 аудан әкімінің, 1 департамент басшысының есептері тыңдалған;
– Барлығы 15 мәселе қаралып, 5 хаттама рәсімделген;
– Мемлекеттік органдарға 50-ге жуық ұсыныс жолданған;
– Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қалалық департамент басшысының есебі қанағаттанарлықсыз деп танылып, қайта қарауға қалдырылған;
– Кеңес жиындарында 30-ға жуық нормативтік құқықтық акт жобасы талқыланған.
Сондай-ақ, кеңеске 15 өтініш түскен (14-і жеке тұлғалардан, 1-еуі заңды тұлғадан). Барлық өтініштер заң талаптарына сай қаралып, құзырлы органдарға жолданып, өтініш иелеріне уақытылы жауап берілген.
Қоғамдық кеңес өз жұмысын белсенді жүргізіп, қала тұрғындарының мүддесін қорғау мен ашық басқару қағидаттарын ілгерілетуде маңызды рөл атқаруда.