Білім күніне орай М.Әуезов атындағы ОҚУ Дайындық орталығының оқытушысы Ғалым Қасымхан, Ж.Баласағұн атындағы №6 жалпы орта білім беру мектебінің ұстазы Есеева Қаламқас және А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияның ұстазы Налибекова Камиляның жетекшілігімен ашық есік күні өткізілді. Шараға аталмыш мектеп оқушылары мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері қатысты.
Іс-шара барысында арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесі таныстырылып, кеш қонақтары Білім күні мерекесінің мәні мен тереңдігін тілге тиек етіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, кітапханашылардың сахналық қойылымы «Оқыған бала мен жалқау бала» көрсетілді. Бұл қойылымда «Тауық пен балапан» рөлін кітапханашы Б.Турсунмамедова мен кішкентай бүлдіршін Алтынбек Ерболат сомдады. Көрермендер үшін бұл қойылым ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияның оқушылары өлеңдер оқып, Абайдың қара сөздерін жатқа айтып, көрермендерді бір серпілтті.
Директор орынбасары Ұлтуар Ынтымаққызы өз құттықтау сөзінде ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, кешті қорытындылады.