ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫНДА ӨҢІРДЕ АУҚЫМДЫ ІСТЕР АТҚАРЫЛУДА

119
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында әлеуметтік қолдау, білім беру және еңбек нарығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мәлімдеді.
☑️2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жарияланып, өңірде осы бағытта кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Облыс әкімі бекіткен 7 бағыттан тұратын 64 тармақты жоспар аясында кәсіптік білім беру, жұмысшы мәртебесін көтеру, жастарға кәсіптік бағдар беру және еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуге басымдық берілді.
☑️Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында 47 мыңнан астам студент 75 мамандық бойынша білім алып жатыр. Оның ішінде, 16 500-ден астам студент 38 жұмысшы мамандығы бойынша даярлануда. 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік грант бөлініп, оның 9 500-і жұмысшы мамандықтарына бағытталды.
☑️Сондай-ақ, дуалды білім беру жүйесі қарқын алып келеді. Облыстағы 35 колледж 654 кәсіпорынмен 64 мамандық бойынша келісімге келіп, нақты өндірістік тәжірибеге негізделген оқыту жүйесі жолға қойылған.
☑️Түркістан облысында жастарды еңбекке баулу мен жұмыспен қамту бағытында ауқымды форумдар мен байқаулар ұйымдастырылуда. «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» форумы аясында 100-ге жуық түлек нақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 1500 бос жұмыс орны ұсынылған жәрмеңкеде жұмыс берушілер мен жастар тікелей байланыс орнатты.
☑️Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 29 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. 2024-2025 оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 16 мектеп ашылады деп күтілуде.
☑️Сонымен қатар, өңірдегі 115 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Бүгінде 100 білім ошағы жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар мектептердің қауіпсіздігін, ыңғайлылығын және заманауи стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
☑️Білім ошақтарының 100% жедел басқару орталығына (ЦОУ) қосылған. Турникет, дабыл түймесі және күзетпен қамтылу мәселесі толық шешімін тапқан.
☑️Облыста 67 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша 1200-ден аса педагог қатысып, оның 78%-ы басқарушы лауазымдарға тағайындалды. Жыл соңына дейін 16 мыңнан астам ұстаз біліктілігін жетілдіруі жоспарланған.
☑️Алғаш рет енгізілген «Ұстаз» ұлттық платформасында 12 826 педагог аттестациядан өтуде. Бұл жүйе педагогтерді ынталандырып, кәсіби дамуға жаңа серпін беруде.
☑️Түркістан облысында Президент Жолдауын іске асыру аясында жұмысшы мамандықтарды насихаттау, жастарды еңбекке тарту, білім беру жүйесін жаңғырту және мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру бағыттарында нақты қадамдар жасалуда. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, Әділетті Қазақстан құру жолында маңызды үлес қосып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі