Қорғаныс министрі Арыстағы жарылысқа қатысты «табиғи құбылыс» деген сөзіне түсініктеме берді

1015
ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы жарылыс туралы қоғамдық резонанс тудырған пікірге түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жағдайды әділ бағалау үшін жауапкершілік пен кінәні шатастырмаған жөн. Мен жауапкершіліктен қашпаймын. Ал кінәні сот анықтайды. Бұған дейін бірнеше рет өз атымнан, әскерилер атынан Арыс тұрғындарына жағдайға байланысты өкініш білдірдім. Қаралы үйге көңіл айттым, кешірім сұрадым. Әлі де зардап шеккендермен жүзбе-жүз кездесіп, кешірім сұрауға дайынмын», — деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, әскери адамның міндеті — әдемі сөз сөйлеп, популизммен айналысу емес, нақты істер арқылы жағдайды түзету.
«Бейтаныс жігіт келіп, амандаспай, өзін таныстырмай, экономикаға нұқсан келтірдің деп айыптаса және камера алдында кешірім сұрауды талап етсе, әр адам әртүрлі жауап қатар еді. Мен де бейтаныс адамға кешірім сұраудың негізі жоқ деп жауап бердім. Қайталап айтамын, мен камера алдында емес, зардап шеккен тұрғындардан кешірім сұрадым және тағы сұрауға дайынмын», — деді Н. Ермекбаев.
Сонымен бірге, министр қоғамдық резонанс тудырған «Табиғи нәрсе» сөзі туралы түсініктеме берді.
«Мен орыс мектебін бітіргенмін. 1 сыныптан 10 сыныпқа дейін қазақ тілінде бірде-бір сабақ алмағанмын. Сондықтан, қазақ тілін мүлтіксіз білемін деп айта алмаймын. Бірақ, елімізде қазақ тілін жетік білетін адамдар «табиғи нәрсе» сөзін орысшаға дұрыс аудармады. Сөздікте «табиғи» сөзі ең алдымен «естественный» деп аударылады. Айтқым келгені, бөлім командирін кінәлі деп айтуға болмайды. Себебі, әрбір әскери нысанда қауіп-қатер болады. Мұнда салғырттық немесе немқұрайлық, әдейі жасалған немесе техникалық себептер болуы мүмкін. Оны арнайы комиссия анықтайды», — деп өз сөзін түйіндеді Қорғаныс министрі.
Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты  — Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті.  20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.
Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп,онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.
Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.   Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.
Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.
Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.