Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, әлеуметтік саланың майталман мамандарына құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі лайықты бағаланды. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Шараға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов арнайы қатысып, орталықтың басшысы Серік Сейілұлы Бабақұловтың қатысуымен кәсіподақ мүшелерін Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен құттықтады.
Салтанатты жиында мекеме қызметкерлерінің әлеуметтік саладағы қажырлы еңбегі ерекше атап өтіліп, оларға кәсіподақтың жоғары марапаттары мен қаржылай ынталандыру сыйақылары табысталды.
Атап айтқанда:
-
«Еңбек озаты» төсбелгісімен – әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Оспанова Рабиға Рахматұллақызы және тәрбиеші Қаратаева Мейрамкүл Жақыпбекқызы марапатталды. Бұл төсбелгі өз мамандығына адалдықпен қарап, балаларға сапалы әлеуметтік қызмет көрсетіп жүрген қызметкерлерге берілді.
-
«Құрмет грамотасымен» – дефектолог-мұғалім Алтымбекова Несібелі Нұржанқызы мен мейіргер Байбатшаева Нұрзилахан Ниязбекқызы марапатталды. Олар ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім мен медициналық қызмет көрсету арқылы үлгі бола білді.
-
Ал «Алғыс хаттармен» – палата санитары Есімханова Меруерт Маханқызы мен шаруашылық қызметкері Усмағамбетов Серік Әбілдашұлы марапатталды. Олардың еңбегі – мекеме ішіндегі тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ету, балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада болуына жағдай жасау бағытында аса маңызды.
Сонымен бірге, зейнеткерлік жасқа жеткен еңбек ардагерлеріне бастауыш кәсіподақ ұйымының атынан қаржылай сыйақылар мен мекеме басшысының Алғыс хаттары табысталды. Бұл – ұзақ жылдар бойы ұжымда адал қызмет етіп, жас буын мамандарға үлгі бола білген ардагерлерге көрсетілген ерекше құрмет.
Марапаттау рәсімі жылы лебіздер мен шынайы алғыстарға толы болды. Кәсіподақ тарапынан көрсетілген осындай ілтипат пен қолдау – сала қызметкерлерінің еңбекке деген ынтасын арттырып, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге оң ықпал етуде.