«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАҢА МЕКТЕПТЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

36

Бүгін еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім беру ұйымдарында алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар мен мұғалімдер үшін жаңа оқу жылы ресми түрде басталды. Бұл – миллиондаған бала мен ата-ана үшін ерекше толқу мен қуанышқа толы күн.

Осы айтулы датаға орай Шымкент қаласындағы жаңа салынған №141 жалпы орта мектебінде салтанатты жиын ұйымдастырылып, алғашқы қоңырау үні естілді. Білім ордасының ауласында жиналған балғын бүлдіршіндер, ата-аналар мен ұстаздар қауымы ерекше мерекелік көңіл күйде болды. Көтеріңкі әуен мен оқушылардың белсенді қатысуымен өткен іс-шара нағыз білім мерекесіне айналды.

Салтанатты жиынға «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, сондай-ақ Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Айдос Өмірәлі арнайы келіп, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

Құттықтау сөзінде Ербол Байқонысов: «Жаңа оқу жылы – бұл тек білім алушылар үшін ғана емес, ұстаздар мен ата-аналар үшін де үлкен жауапкершілік пен үмітке толы кезең. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы – өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін жасалған үлкен қадам. Бүгінгі заман талабына сай салынған №141 мектеп – осы жобаның нақты жемісі. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, білім жолында табыс пен шабыт тілеймін!» – деді.

Шара барысында ол мектеп директорының білім саласындағы еңбегін атап өтіп, «AMANAT» партиясының атынан Алғыс хат табыс етті.

Аталған білім ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген, заманауи жабдықтармен қамтылған және оқу үдерісіне қажетті барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруіне және сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Сондай-ақ дәл осындай салтанатты іс-шара Шымкенттегі №78 жалпы орта мектебінде де өтті. Мұнда ұстаздар мен оқушылар жаңа оқу жылының басталуын тақырыптық көріністер, әдеби монтаждар және музыкалық қойылымдармен қарсы алып, көтеріңкі көңіл-күй мен шабытпен жаңа белестерге қадам басты.

Биылғы оқу жылы – «Жайлы мектеп» жобасы аясында ашылған жаңа нысандар мен жаңартылған оқу бағдарламаларымен ерекшеленіп отыр. Бұл – білім беру саласындағы жаңа дәуірдің бастауы деуге болады.