ҚАРАТАУДЫҢ ЖҰМЫСШЫЛАРЫНА ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

76

Шымкент қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағы өздерінің мүшелік ұйымы – Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімдігі жанындағы «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ерекше мерекелік шара ұйымдастырды. Бұл кездесу қаладағы еңбек ұжымдарының еңбегін бағалап, олардың жетістіктерін құрметтеу мақсатында өтті. Мереке қарсаңында өткізілген шараға Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, мекеменің басшысы Алмас Қаюпов, сондай-ақ Қаратау аудандық прокуратурасының және Қаратау аудандық полиция басқармасының өкілдері де қатысып, жиынға жиналған жұмысшыларды құттықтап, құрмет көрсетті.

Кездесу барысында жұмысшыларға Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуы мерекесімен құттықтау сөздері айтылып, маңызды құқықтық және әлеуметтік жетістіктер атап өтілді. Жұмысшыларға Қаратау ауданы әкімінің және Абай ауданы әкімінің аппаратының басшыларының, сондай-ақ Қаратау аудандық прокуратурасының және Қаратау аудандық полиция басқармасының атынан арнайы «Алғыс хаттары» мен сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгілері, «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары» салтанатты түрде табыс етіліп, еңбегі еленген 130 жұмысшыға арнайы сыйлықтар тарту етілді. Бұл марапаттар еңбекқор және адал қызметкерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесі мен кәсіби шеберліктерін жоғары бағалау болып табылады.

Кездесудің соңында қатысушылар өзара пікір алмастырып, еңбек ұжымдарының қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын тағы бір рет атап өтті. Жұмысшылардың еңбегін бағалау, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау көрсету тек жұмыс орнында ғана емес, қоғамда да маңызды орын алатыны айтылды. Мұндай шаралар еңбек мәдениетін қалыптастыруға және әр қызметкердің өз міндетін адал атқаруына зор ықпал етеді.

Марапаттау рәсімінде қатысушылар кәсіподақтың еңбек өтілі мен қызметі жоғары бағаланған жұмысшыларға алғыстар мен марапаттарды табыстап, оларды одан әрі дамыту мен қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты. Еңбек ресурстарын тиімді пайдалану және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында алдағы уақытта да осы сияқты шараларды ұйымдастырудың маңызы зор екені атап өтілді.