Шымкент әкімі мектепте жұмыс істемеген Қуаныш Ысқақовтың білім басқармасы басшысы қызметіне тағайындалуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Брифингте журналистер бұл мәселені көтеріп, мектепте бір күн де еңбек етпеген адамның неге осындай жауапты лауазымға тағайындалғанын сұрады.
Ғабит Сыздықбеков былай деп жауап берді.
«Мектептен еңбек жолын бастаған адамдар бар. Педагогикалық өтілі мол, бірақ басқарушылық тәжірибесі жоқ адамдар да болады. Қазіргі басқарма басшысы басқа салаларда жұмыс істеді, (мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары болды) және өзін жақсы қырынан көрсете білді. Әртүрлі әңгімелер айтылып жатыр, бірақ біз тек кәсіби қабілетіне қараймыз. Мұндай қызметке тағайындау министрлікпен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен келісіліп жасалады. Ол осының бәрінен өтті, арнайы комиссияның сынағынан да өтті», – деді әкім.
Оның айтуынша, аз уақыт ішінде басқармада бірнеше басшы ауысқан.
«Мәселе көп сала. Өңірдің де өз қиындықтары бар, барлық мәселелерді шешеді деп үміттенеміз, жұмысын жақсы атқарып жатыр», – деді қала басшысы.
Айта кетейік, Қуаныш Ысқақов бұл қызметке биыл 30 қазанда тағайындалған. Бұған дейін ол қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары болды, ал қыркүйекте басқарма басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалған.
Қуаныш Ысқақов қаржы және несие, заңтану, педагогика және психология мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарын бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінде бас маман болып бастаған.
2006–2021 жылдар аралығында жеке секторда және мемлекеттік органдарда жауапты басшылық лауазымдарды атқарған. 2021-2024 жылдары Түркістан облысы Кентау қаласы әкімінің орынбасары болды.
Одан кейін Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.














