Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Исабаеваның «Астана Балет» театрында түскен жаңа суреттері пайда болды, деп хабарлайды Orda.kz.
Кадрларды кәсіби фотограф Мирас Баянов өзінің парақшасында жариялаған, ал Исабаеваның жеке аккаунты көпшілік үшін жабық тұр.
Айта кетейік, Әсел Исабаева — «Қазақстан аруы – 1999» байқауының жеңімпазы. Қазіргі таңда ол аталған театрда ұлттық блоктың арт-менеджері қызметін атқарады әрі ұжымның негізін қалаушылардың бірі саналады.
Бұған дейін Назарбаев өзінің «Менің өмірім» атты кітабында екінші отбасы туралы алғаш рет ашық жазып, Исабаевамен мұсылманша неке қиғанын мойындаған еді. Осы некеден 2005 жылы Тауман, 2008 жылы Байкен есімді екі ұл дүниеге келген.

2022 жылдың мамыр айында Orda.kz редакциясы бұл отбасының мүлкіне қатысты деректерді жариялаған болатын. Астанадағы «Құлыбаев аралында» орналасқан жер телімдері экс-президенттің ұлдарына тиесілі екені анықталған. Мәселен, кіші ұлы Байкенге бұл аумақтан 2017 жылы жер берілсе, үлкені Тауман 2022 жылы әкесінің басқа да туыстарымен бірге осындай элиталық телімнің ортақ иесі атанған.















