ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ» МЕКТЕПТЕРІ ҚҰРЫЛДЫ

8

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа заң күшіне енді. Бұл туралы брифинг барысында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов мәлімдеді.

«Жаңа заң Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған. Құжаттың негізгі мақсаты – мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту және мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету. Енді мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштерін қарау барысында халыққа қолайлы әрі тиімді қызмет көрсетуге басымдық береді», – деді спикер.

Айта кетейік, құжат аясында мемлекеттік қызметке даярлау институты енгізілді. Бұл бастама жастарды мектеп қабырғасынан бастап мемлекеттік қызметке бейімдеуге бағытталған. Осы бағытта Түркістан қаласындағы мектеп оқушылары арасында кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, жоғары оқу орындарымен бірлесіп «Жас мемлекеттік қызметші» мектептері құрылды. Қазіргі таңда аталған мектептердің бірқатар түлегі мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуде.

Енді сайланбалы лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметшілердің жеке санаты ретінде қарастырылады. Бұл өзгеріс ауыл әкімдерінің құқықтық мәртебесін нақтылауға бағытталған.

Мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесі толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Конкурстық рәсімдер енді толығымен «e-Qyzmet» жүйесі арқылы жүргізіледі. Жалпы конкурс нәтижесі 5–7 жұмыс күні ішінде белгілі болады.

Әлеуметтік кепілдіктер де кеңейтілді. Атап айтқанда, жалақыны кезең-кезеңімен көтеру, қосымша ақылы демалыс беру, үстеме жұмыс үшін өтемақы төлеу нормалары енгізілді.

Сонымен қатар, жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналарға және күтімді қажет ететін отбасы мүшесі бар қызметкерлерге икемді жұмыс кестесі ұсынылады. Қызмет бабымен басқа өңірге ауысқан мемлекеттік қызметшілерге көтерме жәрдемақы, тұрғын үй төлемдері және көшу шығындарын өтеу көзделген.