Қазақстандықтардың табыс салығы дұрыс есептелмеді: ақшаны қалай қайтаруға болады

1213

2018-2020 жылдар аралығында қазақстандықтардың жеке табыс салығы дұрыс есептелмеді. Салық жалақының жалпы сомасына салынған

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті жеке табыс салығы дұрыс есептелмеген жағдайда ақшаны қайтару тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Ресми мәліметке сәйкес, 2018-2020 жылдар аралығында қазақстандықтардың жеке табыс салығы дұрыс есептелмеді. Осы санаттағы жұмысшылардың басым бөлігі — азаматтық-құқықтық келісімшартпен еңбек еткендер.

Мәселен, жалақының көлемі 100 мың теңге болса, одан міндетті зейнетақы жарнасы (10 процент) және медициналық сақтандыру төлемі (1 процент), барлығы 11 процент, яғни 11 мың теңге шегеріледі. Содан кейін ғана қалған 89 мың теңгеге жеке табыс салығы салынады. Оның мөлшері – 10 процент (8 900 теңге). Алайда осы салық барлық жалақыға, яғни, 100 мың теңгеге салынып келген. Сөйтіп, бюджетке 8 900 теңгенің орнына 10 000 теңгенің салығы аударылды. Адам штатта жұмыс істесе, онда салықтардың барлығы автоматты түрде дұрыс есептеледі. Ал штаттан тыс, яғни, азаматтық-құқықтық келісімшартпен еңбектенген азаматтардың жеке табыс салығы зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру төлеміне де салынып келген. 

«Осыған байланысты Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Бюджетке артық аударылған салықты қайтару үшін жұмыс берушінің атына өтініш жазу керек. Компания бәрін қайта есептеп, ақшасын қайтаруы тиіс. Алайда жұмыс беруші салық есептерін де қайта тапсыруы қажет», — дейді комитет мамандары.

Ал бухгалтерлер екі жылдық құжаттарды қайта қопарғысы келмейді. Себебі оған біраз уақыт кетеді, қосымша еңбек күші де керек. Осыған байланысты тиісті ережеге өзгеріс енгізілуі мүмкін. Сонда 2018-2020 жылдары аралығында төленген жеке табыс салығы бойынша есептерге түзетулер енгізбеуге де болады. Бірақ ондайда бюджетке артық төленген салықты қайтару жұмысы жаңадан басталады, бұған дейінгі екі жылдық кезең ескерілмейді.

«Егер үкімет тарапынан сондай шешім жасалса, мысалы, 2021 жылдан бастап салықты реттейміз десе, тиісті нормаларға өзгеріс енгізіледі. Бірақ заң 2020 жылы 10 желтоқсанда (ол күні Тоқаев Салық кодексіне өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заңға қол қойды — Sputnik) қолданысқа енгізілді. Содан бері кейбір адамдар салықты қайтару туралы өтініш беруі мүмкін ғой. Онда өтпелі ережелер қарастырылады. Бұл дегеніміз, 10 желтоқсаннан бастап өтініш бергендердің ақшасы қайтарылады», — деп атап көрсетті комитеттің баспасөз қызметі.