Денис Тен өлімі: Нұралы Қиясов кінәсін ішінара мойындады

1487
Алматыда спортшы Денис Теннің өлімі бойынша сот барысында сотталушы Нұралы Қиясовтан жауап алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.
«Мені не үшін айыптап жатқанын түсініп отырмын. Мен өз кінәмді толығымен түсінемін. Бірақ алдын ала келісіп алып өлтірді деген сөзге келіспеймін», — деді Нұралы Қиясов.
Өткен аптада басқа да сотталушылар Жанар Толыбаева мен Арман Құдайбергеновтен жауап алынды. Нұралы Қиясов болған оқиға туралы баяндап берді. Оның айтуынша, Арман бірінші айнаны көліктің сол жағынан шешіп, жолдорбаға салып қойған. Екіншісін адам аяғы сиреген соң алмақшы оймен күте тұрады.
Қиясовтың міндеті айналаны шолып тұру болған. «Мен шамамен 7 метрге қашықтадым. Темекі шегу үшін. Осы уақытта Арман Құдайбергенов екінші айнаны шешіп үлгерді. Ал сол кезде көліктің иесі келіп қалғанын көрмей қалыппын. Арман спорт алаңына қарай қаша жөнелді. Ол көлікке соғылғанын мен көрмедім. Денис (Тен) оны артынан  қуа жөнелді. Біраз уақытта қуып жетіп алды», — деді ол.
Оның айтуынша, Денис пен Арман төбелескен кезде ол тротуарда шылым шегіп отырған.
«Арман қашып кетеді деп ойладым. Қарап бақылап отырдым. Арман белдігін шығарып ұра бастады. Оның сеткаға қарай құлағанын көріп, Денистің арт жағынан келдім де тартып қалдым. Ол маған қарады. Сол сәтте қолымдағы пышақты көрсеттім. Ол қорқатын шығар деп ойладым. Ол қорықпады. Мен Дениске қалай пышақ сұққанымды білмей қалдым. Мен оның басқа жерінен салсам да болар еді пышақты. Санына салып, қашып кетем деп ойладым. Мен арт жағынан сол жақ тұсынан пышақ салдым. Пышақты төбелес болған жерден 15-20 метр қашықтықта лақтырып кеттім. Мен барлық қазақстандықтардан, әсіресе анасы Оксана Алексеевнадан кешірім сұраймын. Оның жүрегі қалай ауырып тұрғанын түсінемін. Кешіре алсаңыз, мені кешіріңіз», — деді Нұралы Қиясов.
Еске салсақ, Денис Тенді биыл 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған болатын. Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық ісқозғалып, күдіктілер іздестірілді.
Елбасы Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті. Ал, қыркүйек айының соңында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталмыш қылмыстық істің тергелуіне қатысты мәлімет берген болатын. Бүгін Алматы қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотта белгілі спортшының өлімі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті.
Гүлмира Ғосманәли