Тұмаудан сақтанудың тиімді жолдары

1617
Қыс түсіп, күн суыған бетте көпшілігіміз тұмаудың шырмауына түсіп, шырқымыз бұзылатыны бар. Кейбіріміз алғашқы белгілерін байқасақ та, нендей шара қолданарымызды білмейміз. Сонымен, тұмаудан қалай тез айығуға болады? Немесе оның алдын алу үшін не істеу керек?
                                               Неден қорғану керек?
Тұмау – вирустардан туындайтын өткір инфекциялық ауру. Адамдардан адамдарға жұғып, өте тез таралатын қауіпі бар. Вирустар жыл сайын мутацияға ұшырап, жаңа эпидемиямен келеді.
Оның алғашқы белгілері бір-екі күннің ішінде байқалады.
•   Аяқ астынан дене қызуы көтеріліп кетеді;
•   Бас қатты ауырады;
•   Жарық сәуледен көз ауырады;
•   Бұлшықеттер өздігінен ауырып, буындар сырқырайды;
•   Жөтел басталады.
Бұл топтамалармен бірлесе, кейде асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, кеуде тұсының ауруы, дем алудың қиындауы, бас айналу секілді қосымша белгілері болуы ықтимал. Тұмау өте қауіпті, асқынып кетуі әдбен мүмкін. Ол әсіресе жас балаларды, аяғы ауыр әйелдері, қарияларды, созылмалы дерттері бар жандарды әуреге салады. Тұмауға қарсы нақты дәрі жоқ. Біздің қолымыздан келетіні – организмді оған қарсы дайындау және жеңіл өте шығуына жағдай жасау.
                                      Тұмаудан қалай қорғану керек?
Тұмауға шалдығу қас-қағым сәтте орын алады. Эпидемия кезінде тек қана үйде отырып, қорғана алмаймыз. Тіпті, медициналық масканың  да көмегі шамалы. Тұмаудан оқшауланудан бөлек екпе арқылы қорғануға мүмкіндік бар. Алайда, екпені эпидемияға дейін 2-3 апта бұрын салдыру қажет. Себебі, бұл уақыт ішінде организм қажетті  иммунитет қалыптастырып үлгереді.
Өкінішке қарай, екпенің өзі белгілі вирустардан ғана қорғай алады. Ал басқа жедел респираторлық-вирустық инфекциялар (тұмау емес) ағзаңызға енуі ықтимал. Жай ғана «жөтел, тамақтың ауруы» тұмаумен салыстырғанда «болмашы» нәрселер. Қорғанудың тағы басқа түрі ретінде тұмау тиген адаммен байланысты уақытша үзіп, организмді «күшейту». Оған қоса адамдар көп жүретін жерден аулақ болып, көп кісі жиналатын орындарға бармай, бір реттік маска киіп жүрудің де маңызы зор! Сонымен қатар, қолды сабындап жуып, бөлмені жиі-жиі желдету керек.
Ағзаға күтім жасау салауатты өмір салтымен, дұрыс тамақтанумен де тікелей байланысты. Ал дәріханадан «иммунитет күшейтетін» дәрілерге қалтаңызды толтырып алғаннан ешқандай пайда жоқ, тұмау дәрумендерге оңай беріле қоймайды.
                                             Егер ауырып қалсаңыз…
Тұмауды қойдыру – пойызды тоқтатумен тең… Егер екпеден кешіксеңіз, сіздің ауырмауыңызға кепілдік берілмейді. Әйтеуір бір күні тұмау сізге жетіп келсе, не істеу керек?
Үйде болыңыз.
Егер тұмау тисе, жұмысқа бармай, балаңызды мектепке апармай, дүкенге соқпай үйде отырыңыз. Үйде жатпасаңыз өзіңізге де, өзгеге де аса үлкен зиян келтіресіз. Міндетті түрде дәрігер шақыртқан жөн. Ол вирусқа қарсы дәрілерді жазып береді. Егер 3-4 күннен кейін де тұмауыңыздың беті қайтпаса дәрігерді тағы да шақырыңыз. Ол аурудың асқыну себептерін анықтап, емдеудің басқа түріне көшіруі ықтимал.
                                                   Не қабылдау керек?
Тұмаудан өздігінен айығуға ешкім ақыл қоспайды. Ойымызда көмекке келер дәрілердің тізімі тұрады. Оның үстіне, жарнамаларға назар сала қалсаңыз, тұмаудан қорғап, алғашқы көмек көрсететін ғажайып-дәрілерден бас айналады. Расымен, аурудың алғашқы сағаттарында вирусқа қарсы ондай «кереметтердің» көмегі болады. Бұл туралы дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне көз жүгіртсек:
Мұндай дәрілердің екі санаты бар: адаманттар (амантадин мен ремантадин) және тұмаудың ингибитор нейраминдаздары  (озелтамивир мен занамивир).
Медицина тілінен аударғанда шынымен әсер ететін дәрі-дәрмектер бар деген сөз. Егер дәрігерге жүгінсеңіз, соның бірін немесе бірнешеуін сізге жазып береді.  Жарнамадағы түрлі құны қымбат дәрілерді жөн-жосықсыз ала берсеңіз, иммунитетіңіз күшеймейді, керісінше қалтаңыз жұқарады.

Сонымен қатар, ыстық түсірушілерден аса сақ болыңыз! Біріншіден, қызуөлшегіш 37.3-ті көрсетіп тұрса, асықпаңыз, 38,5-ке жеткенше шыдағаныңыз жөн. Оған дейін организм қысымды көтеру арқылы вирустармен күреседі. Егер термометр одан жоғарылап бара жатса, ибупрофен немесе парацетамол қабылдаңыз. Ал аспиринді қолдануға кеңес бермейміз (әсіресе балалар мен жасөспірімдерге).

Өзіңе қалай көмектесуге болады?
Симптомдарды оңай өткеру бәріміздің қолымыздан келеді.
• Сусынды көбірек ішіңіз. Ең дұрысы – шөп шай мен кептірілген жемістерден жасалған компот. Бір ғана шыныаяқпен шектелмей, мейлінше көбірек сусын ішуге тырысыңыз. Сұйықтық қысымның түсуіне көмектесіп, мұрынның бітелуінен сақтайды және тамағыңыздың ауруын жеңілдетеді.
• Бөлмені желдетіп тұрыңыз. Таза ауа инфекцияның жауы, әрі сіздің демалуыңыз жеңілдей түседі.
• Ауа ылғалдылығын сақтаңыз. Ауаның ылғалдылығының қолайлы көрсеткіші – 40–60%. Мұндай температурада тамақ кеуіп, мұрыннан су кетпейді. Яғни, вирустардың шабуылы төмендейді.
•  Әр күн сайын бөлмені тазалаңыз. Ылғалды тазалық дұрыс микроклимат ұстауға көмегін тигізеді.
• Бөлек бөлмеде «ауырыңыз». Егер адамдармен сөйлесе қалсаңыз, маска тағыңыз, әйтпесе оларға да жұқтыруыңыз мүмкін. Тамаққа бөлек ыдыс-аяқ қолданыңыз.
Есте сақтаңыз, тұмау көз ілеспес жылдамдықпен өршиді. Екі-үш апталап ауруханада табаныңызды тоздырғанша, дұрысы бірнеше күн үйде емделу.
Қосымша:
• Демалу жолдарының бітелуін тұз қосылған сумен шайып, артынан тамыр тарылтқыш дәрілер (Називин, Нафтизин) қолданған дұрыс;
• Жөтелді жеңілдету үшін муколитик-дәрілер қолданылады (Лазолван, Амбробексал, Бромгексин және т.б). Оның қайсысын қолдану керектігі жөнінде дәрігермен ақылдасу керек. Себебі жөтелдің де, оның емінің де бірнеше түрі бар.
• Ал тамақтың ауруы мен асқынуына ас содасы, түймедақ қайнатпасы, фурациллин секілді препараттарды қолданған жақсы.
Дереккөз:el.kz