Құмар ойынға қазақстандықтардың орташа қарызы 10 млн теңгені құрайды

1449
Букмекерлік кеңселерде бәс тігетін қазақстандықтар саны жылына 350 мың адамға жетеді. Кейбір деректерге сүйенсек, ойынға құмар қазақстандықтардың орташа қарызының көлемі 10 млн теңгені құрайды.  Бұл туралы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы Талғат Қалиев мәлімдеді.
«Біз жастардың өмірін әртүрлі қырынан зерттейміз. Ажырасқан кандидаттардан сауалнама жүргізгенімізде он жұптың жетеуі ерінің ойынға құмарлығын айыптайды. Жұбайлары да, жасөспірімдер мен қыздар да ойнайтын фактілер бар. Бұл жастардың кірісі жоқ, тіпті жұмыс істесе де тұрақты түрде ұтылып, соңында қарызға батады. Кредит алады, ломбардқа бағалы заттарын өткізеді. Бүгінде әрбір букмекерлік кеңсе жанында ломбард бар. Букмекерлік кеңсе жанында ломбардтардың көп болуы өте қауіпті, себебі адамдар құмар болып машинасын өткізіп жіберуі мүмкін. Егер жақын арақашықтықты шектейтін болса, адам ол жерге жетем дегенше ойлануы мүмкін», — деді Қалиев.

Ол заңнамаға бір адамның тігетін бәсінің сомасы мен санына шектеу қоятын механизмді қарастыратын норма енгізу қажет деп есептейді.

«Егер кімде-кім букмекерлік кеңсеге айына бір-екі рет келетін болса 10-20 мың теңге тігеді. Ал егер күн сайын үлкен сомаға жеңіле берсе, бұл – алаңдататын мәселе. Мұны қандай да бір түрде бұғаттау қажет. Біз мұны қатаң түрде реттеп, тұрғын үй алаптарында, оқу орындарының маңайында шектеп, кәмелет жасқа толмағандарды тартуға нақты кедергілер жасап, адамдарды танудың айқын форматтарын қоюымыз керек. Сауықтыру орталықтарының қызметі қымбат. Үнемі ұтыла беретін болса ол адамды сауықтыру ақысын төлеуді букмекерлік кеңселерге жауапты қылмасқа?» — деді ол.

Назерке АБИБУЛЛА