«ОТЫРАР ЛИГАСЫ» БАСТАУ АЛДЫ

1566
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған  «Жастар жылы» аясында  Отырар  ауданында алғаш рет жастар арасында кіші футболдан «Отырар лигасы» бастау алды, деп хабарлайды Ardak.kz.
Мемлекеттік жастар саясатын насихаттау, жүзеге асыру мақсатында қолға алынған спорт сайысы 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай жалауын көтерді. Аудан жастары біріншілігінің ашылу салтанатына қатысқан Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген айтулы күнмен құттықтады.

«Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні бекер емес. Естеріңізде болса «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында да Елбасы 2019 жыл елімізде «Жастар жылы» деп аталатынына екпін берді. Бүгінгі жастар – ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген қоғамдық мәселеге бей-жай қарамауы тиіс. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды. Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Ендеше, Жастар жылы – жастарға арналуы керек. Бүгінгі спорттық шараға қатысушы барлық жастарға сәттілік тілеймін»,-деді аудан әкімі Ерлан Айтаханов.
Салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастарды спортпен айналысуға ынталандыруға арналған біріншілікке он үш ауыл округі атынан шыққан он үш командадан бөлек, ерікті жеті команда қосылып, жиырма команда жыл соңына дейін бақтарын сынайтын болады.
Командалардың турнирлік кестесі мен әр сайыстың нәтижелері жарияланып отырады»,-дейді ұйымдастырушылар.
Алғыс айту күнінде басталған турнир 1  желтоқсан — Тұңғыш Президент күні қарсаңында өз мәресіне жетеді.
Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі