«Құрт пен айран денсаулыққа қауіпті»

1213
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан тұзды ең көп тұтынатын елдердің бірі екенін мәлімдеді. Бұл туралы БҰҰ Жаңалықтар қызметі хабарлады.
Соңғы жылдары ДДСҰ қолдауымен үш зерттеу жүргізіліп, Қазақстан әлемдегі тұзды ең көп тұтынатын елдердің бірі екені анықталған. Мамандардың айтуынша, елде әрбір адам күніне 17 г тұз тұтынады, бұл ДДСҰ ұсынған нормадан төрт еседей артық көрінеді.
«Қазақстанда тұзды тұтыну деңгейінің жоғары болуына тарихи және заманауи үрдістер себеп болып отыр. Бұрын адамдар тұзды азық-түлікті – әсіресе ет пен шұжықты, сондай-ақ құрт, айран сияқты ашытқы сүт өнімдерін сақтау мерзімін ұзарту үшін пайдаланды», — деп жазылған ДДСҰ хабарламасында.
Зерттеу көрсеткендей, Орталық Азияда дәстүрлі тұзды тағамдарды өндіру үрдісі әлі де жалғасып келеді, ал өңделген азық-түліктердің пайда болуы жағдайды одан сайын нашарлатып жіберген.
ДДСҰ азық-түліктің бұл зиянды бөліктері созылмалы аурулардың көбеюіне әкелетінін ескертті.
«Дәрігерлер Қазақстан халқы дұрыс тамақтану, әсіресе тұзды тұтынуға қатысты ұсынымдарды ескермейтін болса, бұл жүрек-қан тамырлары аурулары, семіздік, екінші типті қант диабеті мен онкологиялық аурулардың артуына әкелетінін ескертеді», — деп атап өтті ДДҰ мамандары.
Ұсынған: Гүлім Жақан