Басты Қазақстан «Кейбір имамдарды тыңдасаң, қорқынышты кино көргендей боласың…»
Көпшілік бас қосқан имандылық жиындарында, жұма намазда, ораза кезінде имамдардың тәрбиелік мәні бар уағыз айтып, имандылыққа, тазалыққа шақырып отыруы көңілге жылылық ұялатады. Әйтсе де, кейбір шағын құран бағыштауларда бастарына сәлде оранғандардың отырған көпшілікті «неге намаз оқымайсыңдар?», «өлімге дайындалмайсыңдар ма?» деп ұрса жөнелетіні ұнамайды.
Уағыздары да сенімсіз. Тура жаңа ғана ана дүниеге барып келгендей, «онда олай екен, мұнда былай екен» деп ойдан жантүршігерлік оқиға құрап, қара аспанды төндіріп-ақ жатқаны. Сақалына сілекейі тамып, ауызынан көбік шашырап, отырған жұрттың берекесін алып, ішкенін ірің, жегенін желім етіп тынады. Дәл қазір төбеңнен тажал төніп, енді болмаса о дүниеге аттанып кетердей көңіл-күйде отырасың. Әсіресе, мынадай «қорқынышты» әңгімені тыңдап отырған жастар «бүйткен діні құрысын» деп, тірсектері дірілдеп, бастарын ала қашатыны даусыз.
Имандылыққа осылай уағыздай ма екен? Иман негіздерін көркем мінезбен, ақыл-парасатпен жеткізген жөн-ау. Ең соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с.: «Мен ең ғажап хадистерімді көркем мінезді толықтыру үшін жібердім» демеп пе еді? Ендеше Алла әмірін жеткізуші əрбір имамның міндеті – қорқытып-үркіту емес, иман мен имандылыққа сабырмен, парасатпен уағыздау болса керек.
Бекжігіт Сердалы