Шарбұлақта әлеуметтік дүкен ашылды

1574
Шарбұлақтағы мәдениет үйінде 7-наурызда Халықаралық әйелдер күніне орай мереке салтанатты түрде кең ауқымда аталып өтті. Оған ауыл округіндегі «Батыр» аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және апа-қарындас, қыз-келіншектер, жалпы 210 адам қатысты.
Ауыл округінің әкімі Есімхан Исақұлов барша әйел қауымын ізгі мерекесімен құттықтап, Елбасы тапсырмасы бойынша биыл әлеуметтік салаға, оның ішінде көп балалы аналарға, мүгедек бала асырап отырған отбасыларына берілетін ақшаның күрт өскенін айтып, көңілді тағы бір демдеп қойды. Мұнан кейін ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Лес Рысынов, ауылдың төбе биі Құтымбет Амантай, аудандық мәслихат депутаты Әбілахан Жылқыбаев сахна төрінде барша әйел қауымына жылы лебіздерін білдірді.
Мәдениет сарайындағы салтанатты жиыннан соң қатысушылар Исақұлова Тоған апа ашқан әлеуметтік дүкеннің жұмысымен танысты. Жиналғандар алдында он отбасыға әлеуметтік дүкен арқылы 150 мың теңгенің киім кешегі, тұрмыс жағдайы төмен 15 отбасыға 150 мың теңгенің ұн, картоп, сәбіз, пияз, макарон, т.б. азық-түліктері тегін таратылды.

– Алдағы уақытта осы әлеуметтік дүкен тұрмысы төмен отбасылар үшін тұрақты қызмет етеді. Бұл игі іске баршамыз атсалысатын боламыз, – деді аудандық мәслихаттың депутаты Ә.Жылқыбаев.

Тоған апа 210 адамға мерекелік дастархан жасап, концерттік іс-шаралар ұйымдастырып, ауылдастарына зор көңіл-күй сыйлады. 175 анаға 263 мыңның сый-сияпатын жасап, әрқайсысына орамал жапты. Жалпы, бір миллион 118 мың теңгенің демеушілігін жасаған Тоған апаға жерлестері ризашылығын білдірді.
Дидар Бегалиев,
Қазығұрт ауданы.