Ресей сарапшылары: Тоқаев ешқандай кланға қатысы жоқ таза адам

1881

Қазақстандағы биліктің басқару құрылымының өзгеруі талайды ойлантқаны және таңқалдырғаны анық. Ендігі саясат қалай болады, Қазақстан Назарбаевсыз  алға жылжи ала ма? Ресей сарапшыларының бұл мәселеге көзқарасы қандай? Сонымен…

Дмитрий Абзалов, Ресей Стратегиялық коммуникациялар орталығының президенті:

«Нұрсұлтан Назарбаев – қазір Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Анығына келгенде, бұл жүйеге дайындық 2014 жылдан басталды. Енді Қауіпсіздік кеңесі Назарбаевтың келуімен өкілеттілігін нығайтады. Жақында үкімет басшысы ауысты. Назарбаевтың билік партиясында да беделі аса жоғары. Парламент те  оны жақтайды. Демек  болашақта да үкімет құрамын жасақтауға да билік партиясының ықпалы жоғары болады. Былайша айтқанда, Қауіпсіздік кеңесін күшейту арқылы болашақта Қазақстан парламенттік республикаға өтеді деген сөз. Назарбаевтың сыртқы саясатта та ықпалы күшті. Тек ол елдің ішкі әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне ғана араласа алмайды.

Анығын айтқанда, посткеңестік елдердің ішінде мемлекетті ұзақ басқарып отырған – үш адам ғана. Назарбаев кетті, ендігі қалғаны – Эмомали Рохмон мен Александр Лукашенко.

Ал президенттік креслоға Тоқаевты қалдыруы заңды құбылыс. Тоқаевтың ешқандай кландар мен топтарға  қатысы жоқ, ол – таза адам. Ұзақ жылдардан бері дипломатиялық қызметте. Халықаралық қатынаста беделі жоғары адам. Тоқаев Қазақстанның көп векторлы саясатын құрушы қайраткерлердің бірі. Халықаралық қоғамдастық оны жақсы таниды. Демек мұрагерлікке мұндай адамның келуі –дұрыс нәрсе. Назарбаев бұл орайда қателескен жоқ деп ойлаймын.

Сергей СТЕПАШИН, Ресейдің экс-премьері:

–Қорқатын ешнәрсе жоқ.  Жолдас  Назарбаев  Қазақстанды да, Ресейді де сақтап қалады, ешқандай елді сатып кетпейді. Назарбаев –қазақстандық үлгідегі Дэн Сяопин. Оған жаңа қызметінде табыс тілеймін.

Франц КЛИНЦЕВИЧРесей Федерация кеңесінің қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі:

–Ресеймен ынтымақтастық жақсара түседі. Назарбаевтың ықпалы ешқашан төмендемейді. Бірақ Американың арнаулы қызмет орындары Қазақстанның ішкі тұрақтылығын бұзу үшін әртүрлі жобалар ұсынып, халықты әбігерге салуы ықтимал. Мұны да жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан мұндай мәселеге біз де дайын болуымыз керек.

Геннадий БУРБУЛИС, Ресейдің бұрынғы Мемлекеттік хатшысы:

–Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып орнында қалды. Оның функциялары өте кең және шексіз  Аталған орган Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Ол –ақиқат. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өкілеттігін барынша кеңейту арқылы Ұлт көшбасшысы мәртебесін тағы да нықтауы мүмкін. Ақиқатына келгенде, ол Қазақстанның шынайы басшысы болып билікте қала береді.

«Қамшы» сілтейді