«AMANAT» партиясы: Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкентте жүздеген балаға мектеп сөмкелері табыс етілді

108

Жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясының Шымкент қаласындағы құрылымдары «Баланы мектепке дайындайық» республикалық акциясы аясында қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын тарту етті. Игі бастаманың мақсаты – балаларды жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетіп, олардың мектепке қуанышты көңіл-күймен баруына жағдай жасау.

Шара аясында Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, партия фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев пен Абай аудандық филиалдың төрағасы Нұрғазы Бұхарбайдың бастамасымен 200-ге жуық оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті құрал-жабдықтар табысталды.

Фракция жетекшісі Қайрат Имашев балаларға жылы лебізін білдіріп, білімнің маңыздылығына тоқталды:

– Жаңа оқу жылы – балалар үшін жаңа белес, жаңа жауапкершілік. Бұл – олардың есейгенін білдіреді. Біз тарту еткен сыйлықтар шабыт пен қуаныш сыйласа, мақсатымыздың орындалғаны. Барша оқушыға табысты, білімге толы жыл тілеймін, – деді ол.

Ал Абай аудандық филиалдың төрағасы Нұрғазы Бұхарбай бұл іс-шара «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және бастауыш партия ұйымдарының қолдауымен жүйелі жалғасын табуда.

Игі шараларға партияның қалалық және аудандық филиал басшылығы, атқарушы хатшылар – Ербол Байқонысов, Есімхан Бертаев, Әбдез Рахманұлы, сондай-ақ «Жастар рухы» жастар қанаты мен «Ұлағат», «Достық» бастауыш партия ұйымдарының белсенділері қатысты.

– Бұл – партияның оқушыларға деген нақты қамқорлығы. Шымкент қаласында биыл 1500-ге жуық оқушыға осындай көмек көрсетілді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта да арта түседі, – деді Ербол Байқонысов.

Балаларға үлестірілген мектеп сөмкелері сапалы, әрі оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, шара аясында бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін арнайы ойын-сауық элементтері ұйымдастырылды.

Айта кетейік, «Баланы мектепке дайындайық» – «AMANAT» партиясының жыл сайын республика бойынша өткізетін әлеуметтік бастамасы. Аталған жоба арқылы мыңдаған оқушы жаңа оқу жылын сеніммен қарсы алып, мектеп табалдырығын қуанышпен аттауға мүмкіндік алып келеді.