«AMANAT» партиясы: Ауыр атлетика федерациясының Шымкенттегі вице-президенті тағайындалды

106

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, сондай-ақ ҚР Ауыр атлетика федерациясының вице-президенті және Шымкент қаласы бойынша филиал президенті Мұрат Жолдыхожаев ауыр атлетика саласының жаттықтырушы-бапкерлерімен арнайы кездесу өткізді.

Жиын барысында ол Шымкент қаласындағы ауыр атлетиканы дамытуға жауапты жаңа басшылық құрамды таныстырды. Атап айтқанда, Абзал Зейнетаев ауыр атлетика федерациясының Шымкент қалалық филиалының вице-президенті болып тағайындалса, Игорь Пчелинцев аталған филиалдың директоры қызметіне кірісті. Жиын кезінде жаңа тағайындалған азаматтарға ресми куәліктер салтанатты түрде табысталды.

– Қос азаматты жаңа лауазымдарымен құттықтаймын. Бұл – Шымкенттегі ауыр атлетика саласының жұмысын жүйелеу мен дамыту бағытында жасалып отырған маңызды қадам. Біз бұқаралық спортты ғана емес, жоғары жетістіктер спортын да бірдей дамытуға күш салуымыз керек, – деді Мұрат Жолдыхожаев.

Жаңадан тағайындалған вице-президент пен директор көрсетілген сенімге алғыс білдіріп, ауыр атлетика федерациясының өңірлік дамуына белсене атсалысуға дайын екендерін жеткізді.

Кездесу барысында федерацияның бүгінгі дейінгі қызметі мен жетістіктері сараланып, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер егжей-тегжейлі талқыланды. Әсіресе, жас спортшыларды даярлау, оларға қажетті жағдай жасау, материалдық-техникалық базаны жақсарту және жарыстарға қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ жиында жаттықтырушылар мен бапкерлер тарапынан ұсыныстар тыңдалып, нақты ұсыныстар жұмыс жоспарына енгізілетіні айтылды.

Айта кетейік, Шымкент қаласы — ауыр атлетика спортының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан өңірлердің бірі. Федерация жұмысының жаңғыруы мен басшылық құрамның жаңаруы осы бағыттағы жұмыстарға серпін беретіні күтілуде.