«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУЛАРДА АЗАМАТТАРДЫҢ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТОЛЫҒЫРАҚ ҚАРАЛДЫ

112

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау іс-шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы қабылдауларға партия фракциясының мүшесі, мәслихат депутаты Альбина Елшиева және қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламов қатысты.

Қабылдауға келген тұрғындар негізінен жер қатынастары мәселелерімен қатар тұрғын үй кезегі және әлеуметтік қолдау бағытындағы өзекті сұрақтарды көтерді. Азат Исламов Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейінгі жаңа заңнамалық өзгерістерге сәйкес қала аумағында тұрғын үй салуға арналған жер телімдерінің берілу тәртібі туралы жан-жақты түсіндірді. Оның ішінде, тұрғындардың жер учаскелерін заңдастырудағы қиындықтары және жерді рәсімдеудегі талаптар егжей-тегжейлі қаралды. Мысалы, Жаңаталап елдімекенінің тұрғыны өз жер учаскесін заңдастыра алмай жүргенін жеткізіп, басқарма басшысы бұл мәселені мұқият қарап, нақты кеңестер мен шешу жолдарын ұсынды.

Сонымен қатар, қабылдау барысында әлеуметтік салаға қатысты өтініштер де қаралды. Мәслихат депутаты Альбина Елшиева тұрғындардың әрбір ұсынысы мен сұрағын мұқият тыңдап, қажетті кеңес беріп, кейбір мәселелердің бірден шешілуіне атсалысты. Ал күрделі, жан-жақты қарауды талап ететін түйткілді мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, партия бақылауына алынды.

Бұл қабылдаулардың басты мақсаты — азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың күнделікті тұрмыста кездесетін нақты мәселелерін шешуге көмек көрсету. «AMANAT» партиясы мұндай қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп, тұрғындармен тікелей қарым-қатынас орнату арқылы проблемаларды анықтап, тиісті билік органдарына жеткізіп отыруды дәстүрге айналдырған.

Партия филиалының өкілдері азаматтардың әрбір өтінішіне жеке назар аударып, тиісті қызметтермен бірігіп, оң шешім табуға барынша ықпал етуде. Осындай қабылдаулардың нәтижесінде жер қатынастары мен әлеуметтік мәселелер бойынша көптеген тұрғындардың жағдайы оңынан шешіліп, олардың сенімі нығайып келеді.

Алдағы уақытта да «AMANAT» партиясы Шымкент қаласында халыққа жақын, ашық жұмыс жасап, құқықтық көмек пен әлеуметтік қолдауды үздіксіз қамтамасыз етуге ұмтылады.