Бейбіт Шүменов Головкинмен бірге жаттығатын чемпионмен айқасады

692
Бүгін Панамада WBA (Regular) тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменовтің (18-2, 12KO) WBA-ның осы категориядағы «уақытша» чемпионы, франциялық Арсен Гуламирянмен (24-0, 16KO) жекпе-жегі бойынша промоутерлік сауда-саттық өтті. Бұл туралы «Қазақстанның кәсіпқой боксы» әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сауда-саттықта 821 мың АҚШ долларын ұсынған Шүменовтің промоутері Дон Кинг жеңіске жетті. Бұл, Гуламирян ұсынған тараптың сомасынан 200 мыңға көп. WBA ережесі бойынша, сыйақы Шүменовтің пайдасына 55-ке 45 пайыздық қатынаста үлестіріледі. Осылайша, Бейбіт бұл айқас үшін 451 550 АҚШ долларын, ал оның қарсыласы — 369 450 доллар алады. Сауданың ең төменгі мөлшерлемесі 200 мың доллар болды.
Boxingscene.com-ның мәліметінше, жекпе-жек келісімшартына сауда-саттық аяқталған сәттен 14 күннің ішінде қол қойылуы тиіс. Ол 15 сәуір күні Монте-Карлода, 30 сәуір күні Қазақстанда немесе 13 мамыр күні Нью-Йорк қаласында өтуі мүмкін. Атап өтейік, Арсен Гуламирян қазақстандық боксшылар Геннадий Головкин, Әли Ахмедов және Руслан Мәдиев жаттығатын Биг Бэрда (Калифорния штаты, АҚШ) дайындалып жүр.