«AMANAT» Партиясы: Шымкентте 2000-ға жуық оқушыға жаңа оқу жылы қарсаңында сыйлықтар табысталды

126

Жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Балаларды мектепке дайындайық» республикалық акциясы аясында әлеуметтік қолдауға мұқтаж балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар үлестірді. Игі шара барысында 2000-ға жуық оқушыға сөмке мен оқу құралдары тарту етілді.

Акцияның аясында ұйымдастырылған бірқатар іс-шараларға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Бақытжан Позилов, атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов және Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек қатысты.

Мұрат Жолдыхожаев бұл бастаманың партия үшін маңызды әлеуметтік дәстүрге айналғанын атап өтті:

– Жаңа оқу жылы басталар сәт – әр бала үшін ерекше кезең. Олардың мектепке жоғары көңіл-күймен баруы үшін осындай сый-сияпат жасауды дәстүрге айналдырдық. Қазірге дейін Шымкентте 1500-ден астам балаға мектеп сөмкесі мен қажетті оқу құралдарын табыстадық. Бұл – партия мүшелерінің, демеушілердің ортақ еңбегі, – деді партия төрағасы.

Ал мәслихат депутаты Бақытжан Позилов та бұл бастамаға өз үлесін қосуды азаматтық міндет деп санағанын айтты:

– Бұл – жай ғана сыйлық емес, балаларға деген сенім мен қолдау. Жаңа оқу жылында барша оқушыға тек сәттілік тілеймін. Білімге құштар, ұмтылысқа толы, табысты жыл болсын, – деді ол.

Іс-шара барысында балаларға оқу құралдарымен толықтырылған сапалы мектеп сөмкелері берілді. Сонымен қатар, мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында түрлі анимациялық кейіпкерлер өнер көрсетіп, бүлдіршіндерге ерекше шаттық сыйлады.

Айта кетейік, акцияға «Таза өлке» ЖШС демеушілік танытты. «AMANAT» партиясы жыл сайын өткізетін бұл игі бастама арқылы қоғамның әлеуметтік осал топтарындағы балаларға нақты көмек көрсетуді жалғастыра бермек. Шымкент қалалық филиалы алдағы уақытта да осы бағыттағы шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды көздеп отыр.