Түркістан облысында 4 азық-түлік белдеуі іске қосылады

1065
Түркістан облысында 4 бірдей азық-түлік белдеуі іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндағы мақсат — әлемдегі озық технологияларды, озық агротехнологияларды, топырақты өңдеудің озық технологияларын пайдалана отырып, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.
Оның сөзінше, бұл жобалар ғалымдардың сүймелдеуімен жүзеге асырылады.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласының айналасынан радиусы 20 шақырым жерде азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасын іске асыру бойынша нақты тапсырмалар қойды. Сол тапсырманың аясында қазіргі таңда 20 мың гектар жер анықталды. Соның ішінде бірінші кезеңінде Түркістан-Шымкент бағытында мың гектар алқапқа осы азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы басталып кетті. Ал, келер жылы біздің Түркістан — Қызылорда, Түркістан — Отырар, Түркістан — Кентау бағытында жалпы 14 мың гектар алқапта іске асатын болады», — деді басқарма басшысы.
Түркістан облысында 4 азық-түлік белдеуі іске қосылады
Қазіргі таңда Шаға ауылдық округінде жалпы 121 субъектіден тұратын арнайы «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып отыр. Бұл мың гектар алқапта жалпы жаңбырлатып суару технологиясымен 400 гектар жерге дәндік жүгері дақылы егіледі. 400 жерге сүрлендік жүгері және 200 гектар аумақта жоңышқа дақылы егіледі. Алынған өнім аталған кооперативке жеткізіліп, қайта өңделеді.