Тоқаев Қарулы күштер бас штабының бастығымен кездесті

1100
Мұрат Бектанов президентке Қарулы күштердің әскери дайындығы туралы баяндады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы Мұрат Бектановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары мемлекет басшысына Қарулы күштердің әскери дайындығы туралы, сонымен бірге бас штабтың республиканы қорғау бойынша атқарып жатқан жұмысы туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қауіп туғызуы мүмкін жайттарды талдауды күшейту, Қарулы күштерді одан әрі дамытудың концептуалды жолдарын әзірлеу керектігін айтты.
Сонымен қатар Мұрат Бектанов президентке «Айбалта-2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығу туралы баяндады.
Мемлекет басшысы әскери саясат саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру, әскери тәртіп деңгейін күшейту, сондай-ақ, оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздікті сақтау туралы бірқатар тапсырма берді.
Қарулы Күштердің «Айбалта – 2019» оқу-жаттығуы
17 сәуір мен 3 мамыр аралығында Қарулы күштердің құрамалары мен әскери бөлімдерінің «Айбалта – 2019» ірі ауқымды стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – әскери басқару органдарының үйлесімділігін жетілдіру, әскерлердің далалық машығын арттыру және әскерлердің басқаруда штабтар мен командирлердің тұрақты практикалық дағдыларын шыңдау болып табылады.
Оқу-жаттығудың маневріне шамамен 8000 әскери қызметші және 2000-нан аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника, майдандық және армиялық авиация тартылды.