Шымкентте өңірге танымал ірі кәсіпкер мен оның жұбайын айуандықпен өлтіріп, миллиондаған ақшасы мен алтын-күмістерін алып кеткен көлік жүргізушісінің соты өтуде. Алғашқы тыңдалымында марқұмның ұлы сотқа дейінгі тергеу амалдарында көптеген бұрмалаушылық болғанын жайып салды. Сөйтіп, судьядан қылмыстық істі қайта тергеу үшін кері қайтаруды сұрағынымен, оның өтініші қанағаттандырылмады. Жәбірленуші неге және кімге өкпелі? Судья неліктен оның өтінішін қанағаттандырмай тастады. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегіне сүйеніп хабарлайды.
Қанды оқиға осы жылдың 6-ақпанында кәсіпкердің өз үйінде болған. Бұған дейін ерлі зайыптылардың жеке көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген 27жастағы жігіт түн жамылып, үйге кіріпті. Сөйтіп, бірінші қабатта жалғыз өзі алаңсыз ұйықтап жатқан 64 жастағы ер адамды қарумен атқан.
Марқұмның ұлының айтуы бойынша, күдікті осы жерде оның әкесін шалқасынан жатқан жерінде қарумен атып өлтіріпті. Ауыр дене жарақатын алған ол тілге келместен мерт болған. Содан ізінше оң жақта тұрған шифонердің ішін ашып, сейфтен ақша ұрламақшы болған. Бірақ, оның кілтін таппай, келесі бөлмеге кеткен.
«Сол көзге тиген оқ. Бір көзіне ғана тиген. Бытыра ешқайда шашырамаған. Көзінің ішінен бытыраның оқтарын алып шыққан. Осының салдарынан патологқа қан шашыраған. Әлі де тұр. Перде де тұр. Осы қылмыстық іске осы қандарды тіркеуге алдыра алмай отырмын», — дейді марқұмның ұлы Серікбай Тойбаев.
Үй иесін оңай жайратып салған қаныпезер келесі бөлмеде немересімен демалып жатқан 62жастағы әженің денесіне он екі рет пышақ сұғып алған. Одан кейін ұрып, соғып дене сүйектерін он бір жерінен сындырған.
«Өте қатты нәрсемен ұрған болуы керек немесе обрезбен. Ол айтады, мен ұрғанда бір қолымда пышақ екінші қолымда обрез болған деп. Бұл сол қолымен ұрып, дене жарақатын сала алмайды ғой. Сол маған күдік келтіріп жатыр. Дене жарақатын қалай салғаны туралы», деп айтты Серікбай Тойбаев.
Бірақ, күдікті алысқа ұзамай қолға түсті. Айғақты заттар алынып, кінәсін мойындаған екен. Алғашқы сот тыңдалымында прокурор айыптау актісін оқып, оқиғаның бүге-шегісіне дейін баяндап берді.
«Өзінің іс әрекеттерінде ҚР ҚК 287 бабының 3-ші бөлігінде, 192 бабы, 3 бөлігі, 2 тармағымен және 99бабы 2-ші бөлігімен 1,8-ші тармақтарымен көрсетілген қылмыстық бұзушылықтарды қ жасағаны үшін сотқа беріліп отыр», — деп мәлімдеді Шымкент қаласының прокуроры, мемлекеттік айыптаушы Мақсат Қожабаев.
Дегенмен, марқұмның ұлы қылмыскердің жалғыз болмағанына сенімді. Бірақ қылмыстық істі жүргізген тергеуші қалайда істі тездетіп аяқтап, сотқа өткізуге ниетті болғанын жасырмады. Тіпті, бірқатар сараптамалар да жүргізілмегенге ұқсайды. Өкініштісі сол, қайтыс болған анасының қолы мен құлағында болған алтындар тексеру кезінде үшті-күйлі жоғалып кетіпті.
Аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған жігіттің сот отырысы алқа билердің қатысуымен де өтуі мүмкін еді. Алайда, сотталушы одан бас тартты. Келесі процесс 26-шы сәуірге белгіленді.