Елордада соғыс ардагерлеріне 500 мың теңгеден табысталады

1019
Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген 332 адамға 22725 теңге, ал 2817 тыл ардагеріне көмек ретінде 11363 теңге табысталады
Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлері Жеңіс күніне орай 519 мың теңгеден алады. Одан бөлек Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілгендерге де, тыл ардагерлеріне де ақшалай сыйақы қарастырылған, деп хабарлайды Елорда инфо.
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне мерзімді басылымдарға жазылу, моншаға, шаштаразға бару және санаториялық-курорттық емделу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ал қалалық автобустарда арнайы жеңілдіктер қарастырылса, тіс протездеу тегін жүргізіледі екен.
«9 мамыр қарсаңында елордалық 71 ардагерге 519 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Бұған қоса, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген 332 адамға 9 АЕК, яғни 22725 теңге, ал 2817 тыл ардагеріне көмек ретінде 4,5 АЕК (11363 теңге) табысталады», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Гүлзада Жекебаева.
Бүгіндері елімізде ҰОС қатысушыларына теңестірілгендердің саны 2900 адамды құрайды. Яғни, олардың басым бөлігі – соғыс кезінде жесір қалған немесе туғанынан айырылған жандар.
Ұлы Отан соғысының 74 жылдығы қарсаңында елордада ҰОС мүгедектері, қатысушылары және оларға теңестірілген адамдар үшін «Белсенді ардагер» айы басталды. Ол 29 сәуір мен 29 мамыры аралығында жалғасады.
«Қазіргі уақытта барлық медициналық ұйым ардагерлерді назарда ұстап, сауықтыру іс-шараларын үйіне барып өткізеді. Бұл бізде тұрақты түрде қолға алынып келе жатқан істердің бірі», – деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.
Шорановтың айтуынша, осы бір ай ішінде ардагерлерге диагностикалық зерттеулер, емдеу-сауықтыру іс-шаралары, терапевт, гастроэнтеролог, кардиолог, уролог мамандарының қабылдауы, ЭКГ, ультрадыбыстық зерттеу тегін жүргізіледі.