Журналист — жазушы Слам Нұрмағанбетұлы 70 жаста

1956
Журналистік жолын Сайрам аудандық «Еңбек туы» газетінде аудармашылықтан бастап, сол кездегі Бөген аудандық «Коммунизм таңы» газетінде тілшіліктен бас редактордың орынбасарына дейінгі жолдан өткен, мұнан соң облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде де нақ осылай — тілшіліктен редактордың орынбасырына дейінгі қызмет биігіне көтеріліп, зейнеткерлікке шыққан журналист-жазушы Слам Нұрмағанбетұлы 21 мамырда өмірінің жетпісінші асуына аяқ басқалы отыр.
Сәке, жетпіс дегеніміз – «жет, піс!» деп тұр ғой. Ендеше Сіз нағыз пісіп, жетілген шақтасыз. Бұл алдағы кезде де атқаратын жұмысыңыз, асар асуларыңыз көп екенін білдіреді. Алланың берген ғұмырында қаламыңыз ұшты, денсаулығыңыз мықты бола берсін! Жазарыңыз көбейіп, оқырмандар жүрегінен жол табатын шұрайлы шығармаларыңыз жарыққа көптеп шыға берсін! Жетпіске желпініп жеттіңіз, енді сексеннен сүрінбей, тоқсанға тоқтамай, жүзге жете береңіз!
«Ардақ» редакциясының ұжымы.
  • Әріптестер әлемі
Көркем мінезді қаламгер
Оңтүстік өңіріндегі тарихы тереңге тамыр тартқан танымалы мекеннің бірі – Сайрам ауданы. Осынау қасиетті жерде менің жаныма жақын, асыл ағам, қаламы қарымды журналист-жазушы Слам Нұрмағанбетұлы Алла қаласа алдағы мамыр айының 21 күні жетпіс атты арғымақтың үзеңгісіне аяқ салып, алтын еріне мінгелі тұр.
Сәкең осы кезеңде не бітіріп не тындырды, соны бажайлайық. Шынына келсек ағамыз туралы құлаш-құлаш публицистикалық шығармалар жазуға болады. Бірақ газет беті оны көтере алмайды. Бұл мерейтойлық шығарма болғандықтан ағамыз туралы барынша жинақы, бірақ болмыс-бояуын мейлінше тереңірек ашуға тырысып көрдім.
Сәкеңнің қысқа да нұсқа өрілген өмірбаяндық жазбаларына көз жүгіртсек, өзі туып-өскен Құтарыс ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Шымкент педагогика институтының сырттай оқыту бөліміне түсіп, оны 1972 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығыпты. Бір қызығы, Сәкеңнің қызметтік жолы мұғалімдік кәсіппен емес, журналистік жолмен өріліп жатыр.
«Қайнарбұлақ» кеңшарында құрылысшы, ауылдық клуб меңгерушісі, Шымкент облыстық банктің инкассаторы бола жүріп, 1971 жылдың 1 қазанында Сайрам аудандық «Еңбек туы» газетіне аудармашылық қызметке шақырылады.
Сонау мектеп қабырғасында жүріп республикалық «Қазақстан пионері» газетінің белсенді тілшісі ретінде бас жүлдеге ие болғанын, аудандық газетте жиі жариаланған мақала, өлең, әңгімелерін ескерген болуы керек. Міне, сол кезден бүгінге дейінгі 48 жылға жуық кезеңде журналистика майданының нағыз майталманы ретінде бұл саладан қол үзбей келеді. Олай дейтініміз, Сәкең 2012 жылы облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінен зейнеткерлікке шыққанымен, облыстық қаржы басқармасының жанынан шығатын «Қаржы» экономикалық газетіне қатар басшылық жасап, директор — бас редактор қызметін жиырма жылдан бері жемісті жалғастырып келеді.
Слам аға журналистиканың алғашқы мектебі болған Сайрам аудандық газетінің редакциясында әскерге шақырлғанға дейін өткен екі жыл уақытты үлкен өмір мектебі ретінде жоғары бағалап, сағынышпен еске алады.
– Ол кезде ауданда «Знамя труда», «Еңбек туы», «Мехнат байроги» деп аталатын үш газет қатар шығатын. Солардың негізгісі орыс тіліндегі «Знамя труда» болатын да қалғандары содан сөзбе-сөз аударып басылатын. Алғаш келгенде мені ерекше таң қалдырған жәйт, ондағы Шынарбек Сәрсенбаев және Сәкен Көпбаев деген журналист ағалардың орысша материалды қолдарына ұстап тұрып машинистка Жұмакүл апайға бірден диктовка жасай беретіні болды. Бұлай аударма жасау мен үшін мүмкін еместей көрініп, іштей жұмыстан бас тартуға бекіндім. Мектепте орыс тілін жақсы оқығаным болмаса, ауылда тіпті орыс ұлтын көрмей өскенбіз. Өтірік болмасын, балалардың кішкене орындықтарын, ас ішетін ұзын стол жасайтын бір егде орыс ағаш ұстасы болған, оның өзі қазақша сөйлейтін. Оны бәрі «Питакоп» дейтін, қазір ойлап қарасақ Пятаков деген фамилиясы болуы керек.
Осылай екі ойлы болып толқып тұрғанымда Шынарбек аға «Степан Григорьевич Бабенконың қабылдауына кіріп, арызыңа қол қойдырып әкел» демесі бар ма?! Ол біздің бас редакторымыз екен. Қорықып кетіп «Аға, мен орысша білгеніммен сөйлесе алмаймын, қалай болады?» — десем, Шәкең бетіме жымия қарап күліп тұр. «Қорықпа, ол кісі қазақшаға судай. Жұмыста да тез игеріп кететін сияқтысың, жазып аударған материалдарың тәп-тәуір ғой» — деді дем беріп.
Айтқандай-ақ жүрексініп бастаған жұмысымды тез игеріп, көп ұзамай мен дағы машинисткаға тіке диктовка жасау дәрежесіне жеттім. Мұның пайдасын кейін әскердегі міндетті қызметімді өтеп келген соң 1974 жылы сол кездегі Бөген аудандық «Коммунизм таңы», «Заря коммунизма» (қазіргі Ордабасы аудандық «Ордабасы оттары») газетінде істеген он жылдай уақыт ішінде, мұнан соң 1983 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жұмысқа орналасқанда көрдім ғой. Облыстық газетке де жүрексіне кіріп, аз уақытта-ақ танымал болып кетуіме осы аударма ісінің септігі көп тиді. Ол кезде облыстық партия комитеті бюро мәжілісінің, пленумдары мен конференцияларының, облыстық мәлихат сессиялары мен басқа да түрлі жиналыстың материалдары тек орыс тілінде келетін де, оларды сол күні келесі номерге басып шығару міндетті болатын. Содан аудармаға икемі бар журналистер материалдарды бөліп-бөліп алып шұғыл жұмысқа кіресетін. Сол тұста аға журналистер Байдулла Қонысбеков, Сәділ Кәдеевпен бірге жастардан Кәрім Үкібаев, Оразхан Жарқынбеков және мен осындай шұғыл материалдарды жарыса аударып, жұмысты тез бітіріп тастайтынбыз. Келе-келе түрлі деңгейдегі облыстық жиналыстарда құлаққап киіп тыңдайтындар үшін ілеспе аударма жасау міндетін де атқарып жүрдік.
Ал біраз жыл қаржы басқармасында тіл маманы болып істеген тұста мемлекеттік қызметшілер арасындағы үздік аудармашылар конкурсында 2004 жылы бірінші орынды, келесі 2005 жылы бас жүлдені жеңіп алып, Астанада өткен аудармашылардың республикалық конкурсының ынталандыру
сыйлығына ие болуым да сол Сайрам аудандық газетінде жүрексіне бастаған қызметімінің арқасында екенін сүйіспеншілікпен еске алам.
Слам ағам өмірбаянын осылай қысқаша қайырғанымен, ол туралы кеңейтіп айтатын әріптестері мен құрдас журналистер жеткілікті. Енді солардың бірнешеуінің пікірін тыңдап көрейік.
Ұзақ жыл облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде, облыстық телерадио компаниясында қызмет атқарған, бүгінде зейнеткерліккен шықса да «Айғақ» теларнасының белсенді шолушысы болып жүрген танымал журналист Шаһаризада Дәнеева Ордабасы ауданында Сәкеңмен қызметтес болған шәкірті екен, әңгімесін әріден бастады:
– Слам аға бізге әскердегі міндетті борышын өтеп келген 1974 жылдың шілде айында қызметке келді. Ақжарқын, көпшіл екен,ұжыммен тез тіл табысып кетті.Ә дегеннен-ақ сырғытып суреттеме, очерк жазып, оқырмандарды өзіне тартатын қаламы төселген тілші екендігін танытты. Сол кездегі «Коммунизм таңы» газетінің редакторы болған бүгінде елімізге танымал ақын Нармахан Бегалиев Сәкеңнің жұмысын жоғары бағалап, жылы лебіз білдірген сайын қызығып отыратын едік.
Ол кезде жиырмадан енді асқан жас жігіт еді ғой, жарасымды әзілдерінің жөні бөлек болатын. Корректор, машинистка-хатшы деп бөлмей, бәрімен ортақ тіл табыса кететін тамаша қасиетімен ортаны думанға бөлеп жүретін. Бірімен әзілдесіп, екіншісінің бір затын жасырып қойып, әлекке түсіріп, үшіншісімен телефон арқылы дауысын өзгерте қыз болып «танысып», сосын оның әрбір іс-әрекетін сырттай бақылап, «мазасын» алатын. Осының бәрін үйлесімді ұйымдастырып, ерінбей уақыт бөлетініне қайран қалатынбыз.Бұл оқиғалардың көбісі кейін «Қаламгерлер қалжыңы» атты кітабында жарияланды.
Алғашқыда аға тілші болып орналсқан Сәкең көп ұзамай қызмет сатысымен жоғарылап бөлім меңгерушісі, газеттің жауапты хатшысы, кейіннен редактордың орынбасры болып жүріп «Оңтүстік Қазақстан» газетіне ауысып кетті.
Ал енді «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Сәкеңмен қызметтес болған, оның алдында республикалық «Жас алаш», «Халық кеңесі» газеттерінің облысымыздағы меншікті тілші қызметін атқарған танымал журналист ағамыз Ертай Бекқұл былай дейді:
– Сәкеңмен таныстығымыз сонау 1985 жылы бастау алады. Көзілдірігінен ақ параққа маржан сөздерін төгіп отыратын жігіт өте ізетті, инабатты және өзінен гөрі өзгені сыйлай білетін азамат.
Алпысқа толған мерейтойында «Оңтүстікке» Сәкең туралы көлемді мақала жазғаным бар. Сонда:
– Сіздің өміріңізде ең қуанышты сәттер болды ма?» – деп сұрағанымда:
– Болды.Компартия тараған кезде.Ол тұста мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде партия ұйымының хатшысы едім,-деді.
– Оған несіне қуандыңыз, өзіңіз партия жетекшісі екенсіз?- дедім мен таң қалып. Сонда ол сабырлы қалпынан танбай:
– Е-е, компартияның жұмысы «нормальный» емес, «формальный» болатын, — деп жауап бергені есімнен шықпайды.
Көп сөзі жоқ, томаға-тұйық, бірақ әңгімеңіз жарасып жатса рахаттанып алатын әдемі бір күлкісі бар. Сол сәтте тосыннан тауып айтылған, қауып айтылған өзіл әңгімелерді көкейіне түйіп алып жүреді екен. Кейін «Қаламгерлер қалжыңы» деген тамаша кітап шығарды. Елімізге белгілі жазушы, қадірменді ағамыз Мархабат Байғұт осы кітап жайлы: «Осындай жарасымды әзіл-күлкіні, жандары жайсаң ағалар мен құрдастардың тауып айтқан жайдарман сөздерін жинаумен айналысып, ақ адал ғұмыр кешпек түгілім, қайта өсек-аяң, бәле-жала қуып, қытымырлықпен күн өткізіп, бақастық, күншілдік құрсауында қалып
қойғандар, бірді-бірге айдап салып, айтыс-тартыс өртін өршітумен жүргендер де жоқ емес қой. Сондайлар ұтты ма, Сламдайын сырбаздар ұтты ма, оны Жаратқан иеміз ғана білер”- деп жазуы көп жайтты аңғартып тұрған жоқ па?!.
Иә, Ерекең айтып отырғанындай, «Қаламгерлер қалжыңы» нағыз оқылықты кітап. Себебі ол өмірде болған жайсаңдар мен асыл жандардың сәтті, тосыннан тапқан әдемі әзілдерінен құралған қымбат қазына. Біз ондағы көңілді оқиғаларға куә бола отырып алыс күндердегі аға-апаларымызбен қайта жүздесеміз, олардың ешкімге ұқсамайтын дара мінездері мен асыл бейнелерін еске аламыз, сол асылдармен әңгімелесіп, дауыстарын естігендей әсерге бөленеміз.
Ал енді Сәкеңнің құрдасы, кезінде «Жас алаш», «Айқын», «Дала мен қала» газеттерінің оңтүстік өңіріндегі меншікті тілшісі болған бүгінде Халықаралық Қазақ Түрік университетінің профессоры, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Қуандық Оразбекұлы мына оқиғаны еске алды.
– 1986 жылдың желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті Сламды Алматыдағы Жоғары партия мектебіне білімін жетілдіріп қайтуға оқуға жібереген күні орталық алаңда атышулы желтоқсан оқиғасы басталады. Сол сәтте Партия мектебінің басшылығы тыңдаушыларды жинап алып, «идеология жауынгерлерісіңдер» деп, алаңға жібереді. «Жастарға басу айтсын» дегені ғой…
Күн болса суық. Басынан бақайшығына дейін қаруланған содыр солдаттар артынша жастарды сойылмен сабап, қыздардың шашынан сүйреп, жігіттердің қолын қайырып таса тасада алдын ала дайындап қойған көліктерге тоғыта бастаған аласапыранның кезінде осы топалаңның ішіне еніп кеткен Сламға таяу келген бір солдат «Сними шапку!» деп бұйырады. Түкке түсінбей қалпағын шешкенде басына резіңке сойыл сарт ете қалады… Не болғанын аңғара алмай жерге құлағанда бетін жылы қан жуып кетеді. Осы тұста бір жас қыз «өлтірді-ау!» деп жанұшыра айғайлап, басындағы жүннен тоқылған қалпағын шешіп алып оның қанап тұрған тұсына басып ары қарай жүгіріп кетеді. Тура соғыстан айырмашылығы жоқ аласапыраннан әзер шығып партия мектебіндегі емханаға жетіп емделеді. «Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы» болған соң Сламды құқық қорғау органдарының қызметкерлері «айналдырған» жоқ. «Жұдырық» кездейсоқ, «жазым тиіптіге» жорыды да қоя салды.
Шымкентке келгенде мұндағы жұрт шулап жатыр екен. «Алаңда мастар болыпты», «Есірткі шегіп алғандар екен». «Бұзақылар, қылмыскерлер…» дейді.
– Сол күні біз де алаңда болдық. Мастарды, есірткі шегіп алғандарды көрмедім. Алаңдағылардың басым көпшілігі қыздар. Оларды «бұзақылар, қылмыскерлер» деп жазғыру дұрыс емес, – деді. Көп ұзамай желтоқсан оқиғасына әділ баға берілген кезде жас балаша қуанғанына куә болғанбыз…
Иә, Слам ағамыз туралы осындай жақсы пікір айтушылар көп. Енді мен де ол кісімен болған жәйттердің ішінен ұмытпастай есте қалып, көркем мінезімен ішімді жылытқан біреуін ғана айтайын. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, Шымкенттегі бір мекемеге қызметке тұрғаннан соң «Оңтүстік Қазақстан» газетінің есігінен мен де анда-санда сығалап тұрушы ем. Себебі мамандығым журналист болмаса да мектеп, университет қабырғасында жүргенімде өлең, публицистика, көркем және әзіл әңгімелер жазып тұратынмын.
1985 жылы республикалық «Жалын» журналына бір әзіл әңгімем шықты. Ол кезде жаспыз ғой, әлгі журналды алып, әңгімемді көргендет қуанышым қойныма сыймай редакцияға қарай құстай ұшайын. Ала өкпе болып, әдебиет бөліміне кірсем, ондағы жігіттер: «Әй, бала кешіктің, сенің әзіл әңгімеңнің «Жалынға» шыққанын кеше естіп-көріп қойғанбыз. Біздің газеттің «Партия тұрмысы»
бөлімінің меңгерушісі Слам ағаң бәрімізге сүйіншілеп, көрсетіп қойған, сенен бұрын ол қуанып жүр» дейді. Пах, шіркін не деген ақ көңіл ақжарқындық! Кейбіреулер болса іштей қызғанып, үндемей, түк білмегенсіп отыра берер еді. Ол заманда «Жалын» журналына жазғаныңды шығару деген үлкен абырой болатын. Мен содан кейін-ақ Слам ағамен әңгімеміз жараса жиі жолығып, кішіпейіл, ақкөңіл, жанашыр, пәк сезімді адам екеніне көзім жетіп, жақын аға тұтып кеттім.
Оқырмандарға өте жағымды деп танылған «Қапқа буылган тұтқын», «Өмір өрнектері», «Әйел исі», «Қаламгерлер қалжыңы» атты көркем-әдеби, «Дәрісіз емделу» атты халықтық медицина тақырыбына жазған кітаптары бар Слам ағаның еңбегі лайықты бағаланып «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, облыс әкімнің Алғыс хатымен және бірнеше рет облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталған Слам ағамызды жетпіс жастық мерейтойымен құттықтай отырып, өзімнің ақ тілегімді мынадай өлең шумағымен түйіндеймін:
Шаршамай бар жанрға қалам тарттың,
Тұлпарына өр жетпістің аяқ арттың.
Жеңгемізбен жұп жазбай жүзге жетші,
Көсемі боп ортасында барлық қарттың!
Танитындар сырбаз дейді сізді өте,
Құрметімді келгім кеп тұр айта кете.
Абыроймен іс тындырып, бейнет көрген,
Жайсаң мінез, жақсы адамсыз өте-мөте.
Жастайымнан жыр әлемін сағындым,
Ода жазып ешкімге жоқ жағынғым.
Слам аға, шын жүректен қабыл ал,
Құттықтауын Көшер-Әбдінағымның!
Әбдінағым КӨШЕРОВ,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі.