Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ федерациясы арасындағы ынтымақтастық аясында ҚХА Ақсақалдар кеңесі мен ҚР Тоғызқұмалақ федерациясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Аталған жоспардың мақсаты — ұлттық зияткерлік ойынды насихаттау, жастар мен жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастыру және ел ішінде ұлттық спорттың дамуына серпін беру болып табылады.
Осы орайда, Шымкент қаласының Достық үйінде 2025 жылдың 1–7 қараша аралығында тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасында командалық Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Чемпионатқа еліміздің барлық облыстарынан 300-ге жуық үздік спортшы қатысып, командалық есепте өз өңірлерінің намысын қорғауда.
Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлерінен кешенді спорт клубының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бахтияр Махимов жарыстың ресми ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тілеп, олардың арасынан келешекте ел намысын абыроймен қорғайтын дарынды чемпиондар шығатынына сенім білдірді.
Чемпионаттың негізгі мақсаты — тоғызқұмалақты бұқаралық спорт ретінде дамыту, жасөспірімдердің логикалық ойлау қабілетін арттыру және ұлттық ойын арқылы патриоттық рухты нығайту. Сонымен қатар, жасөспірімдер мен жастар арасында еліміздің құрама командасын жасақтау да осы жарыстың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Федерация басшылығының мәлімдеуінше, бұл чемпионат еліміздегі жас спортшылар үшін тәжірибе алмасу мен халықаралық деңгейге шығуға дайындық алаңы болмақ. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар мен спортшылар марапатталып, республикалық рейтингке енгізіледі.















