«Азғындықты дәріптейді» Депутат жұрттың ашуын туғызған бағдарламаларды тыюды сұрады

1007
Депутат Кәрібай Мұсырман қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу керек деп санайды
Мәжіліс депутаттары телеарналарда азғындықты ашық дәріптейтін бағдарламаларды көрсетуді тыюды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Кәрібай Мұсырман ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа депутаттық сауал жолдады. Бір топ депутат телеарналардың жұмысындағы өзекті мәселелерді көтерген.
«Кейбір телеарналарда ұлттық құндылықтарымызды насихаттамақ түгіл, оларды өрескел бұрмалайтын, тіпті неше түрлі азғындықты ашық дәріптейтін телеөнімдерді көрсету тыйылмай тұр. Мәселен, жуырда «Өз ойым» бағдарламасында абыройын ақшаға сататынын жариялаған қазақ қызының шектен шыққан ұятсыз қылығы мен оны осындай рөлді ойнауға үгіттеп көндірген телеарна қызметкерлерінің «атын шығару үшін жер өртеуге» дейін баратын теріс пиғылы жұртшылықтың орынды ашу-ызасын туғызды», — деді Мұсырман.
Бұдан бөлек, депутаттың пікірінше, Қазақстанның тұңғыш президенті ұсынған «Туған жер» және «Ауыл ел бесігі» бағдарламалары мемлекеттік телеарналарда жеткілікті насихатталмай жүр.
«Осы орайда республикалық бюджеттен мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізуге бөлінген қаржы жылдан-жылға көбейтіліп отырғанын ескерсек, мәселен, былтыр 46 миллиард 587 миллион теңгеден астам, ал биыл 49 миллиард 482 миллион теңге бөлінген. Осынша қаржының тиімділігі қандай деген сұрақ туындайды», — деді мәжілісмен.
Депутат республикалық және өңірлік БАҚ басшыларының және қызметкерлерінің қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін кеңінен талқылауды ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ, БАҚ-та ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, қазақстандық қоғамда қалыптасқан адамгершілік принциптерін қатаң қадағалау керектігін атап өтті.
«Қажеттігіне қарай, қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылсын», — деді ол.
Оның пікірінше, мемлекеттік телеарналарда «Туған жер» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларын кеңінен насихаттауға арналған тақырыптық бағдарламалар ашу керек. Сонымен қатар, мемлекеттік және өңірлік арналарда шағын және орта кәсіпті дамыту, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, білім және денсаулық сақтау салаларындағы реформалар сияқты өзекті мәселелер бойынша интерактивті бағдарламаларды жүйелі ұйымдастырып отырған жөн.