Назарбаев отставкаға кетуді бірнеше жылдан бері ойлап жүргенін ашық айтты

1034
Елбасы президенттік өкілеттігін тоқтатуға үш жылдан астам уақыт дайындалған
Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кету туралы бірнеше жылдан бері ойланып жүргенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Мұндай шешім бір күн немесе бір ай ішінде қабылдана салмайды. Мен бұған бірнеше жыл дайындалдым. Егер құпиямды ашсам, үш жылдан астам уақыт. Айналама қарап, елдің өткені мен болашағы туралы ойладым. Кадрлық серіктеріме қарап, осы жылдар бойы оларды тәрбиеледім. Әрбіріне үміт арттым. Ақыр соңында осы дұрыс деген қорытындыға келдім», — деді Елбасы Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде.
Тұңғыш президент ел басқаруға қалай келгенін де еске алды. Маусымда Назарбаевтың Қазақстан компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы қызметіне кіріскеніне 30 жыл толады. Бұл көшбасшылық позиция болатын.
«Алдымыз бұлыңғыр, қиын-қыстау кезең болатын, бір жылдан кейін ел күйреді. Құдды төбе құлағандай еді. Жаңа осында отырып, сол бір жылдар есіме түсті. Мемлекеттің тізгінін осыншама жыл маған сеніп тапсырып, төзімділік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Егер мен осы уақыт ішінде халықтың сенімін ақтасам, мен бақытты адаммын, бақытты саясаткермін. Сондықтан мен саналы шешім қабылдадым», — деді Елбасы.
Сөз соңында Назарбаев нұротандықтарды Тоқаевты президент етіп сайлауға шақырды.
«Тоқаевты президент етіп сайлап, оған қолдау көрсетейік», — дейді тұңғыш президент.