Тұңғыш президент елдің мемлекеттілігін мықтап ұстау керектігін айтты
Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды бірлікке шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Nur Otan партиясының атынан президент сайлауына түсетін Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршамыз жұрт болып жұмылып, осы сынақтан тағы да сүрінбей өтеміз деп сенемін», — деді Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде.
Елбасы Nur Otan көш бастап келе жатқан ең ірі саяси ұйым екенін атап өтті. Оның айтуынша, партияның халық пен билік арасындағы дәнекерлік рөлі сайлау кезінде айрықша аңғарылады.
«Біздің мақсатымыз ел тұрғындарының тұрмысын жақсартып, Қазақстанды одан әрі өркендету. Қоғамда татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – өте маңызды міндет. Барлық елдермен салыстырғанда, біз үлкен де , кіші де мемлекет емеспіз. Бірақ айналамызда неше түрлі жағдай болып жатыр. Заман зымырап барады. Ғылым мен техника өсіп-өркендеуде. Осындай заманда артта қалмау үшін, басқа елдің шаңын жұтпау үшін бізге бірлік керек. Еліміздің мемлекеттілігін мықтап қолмен ұстау керек», — деді Елбасы.
«Билікті қолдан шығарып алсақ…»
Назарбаевтың айтуынша, бес саусақ бірдей емес. Елбасы тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ең алдымен қазақтың бірлігі қажет екенін атап өтті.
«Батыстың артынан жүгіріп, демократиялы ел боламыз дегендер бар. Оны біз көрмей отырған жоқпыз. Бірақ та біздің жағдайымызда, егер де билікті қолдан шығарып алсақ, біз елдіктен айырыламыз, тәуелсіздіктен де жұрдай боламыз», — деді ол.
Назарбаев алдағы президент сайлауында партия атынан додаға түсетін кандидатқа қолдау көрсетуге шақырды. Ол мұны әрбір сайлаушы түсінуі тиіс екенін айтты.
«Ең керегі – қазақтың бірлігі, көпұлтты халқымыздың бірлігі», — деді ол.